Жоғарғы Сотта алаяқтық жөніндегі қылмыстық істер туралы мәселелер қаралды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін еліміздің жоғарғы сот органында «Алаяқтық жөнінде қылмыстық істі қарау кезіндегі түйіткілді мәселелер» тақырыбында халықаралық конференция өткізді. Іс-шараны Жоғарғы Сот Герман Халықаралық құқықтық  ынтымақтастық қорының (IRZ) бірлесіп ұйымдастырды. 

Конференция жұмысына Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин, Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов, Жоғарғы және жергілікті соттардың судьялары, Бас прокуратура, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, сондай-ақ адвокатураның өкілдері қатысты. Сонымен қатар іс-шараға Жоғарғы Соттың, Сот төрелігі академиясының және Құқық қорғау органдары академиясының жауапты қызметкерлері қатысты. Шетелдік ұйымдардан Герман Халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорының (IRZ) сарапшысы Кристиан Рох мырза қатысты.

«Дөңгелек үстел» жұмысын аша келе, А.Рахметулин статистика бойынша алаяқтықты ұрлықтан кейінгі екінші орын алатын аса кеңінен таралған қылмыс деп атады. «Қазіргі таңда алаяқтықтың жаңа түрлері ойлап табылуда, онда туристік, банк және басқа да салалардан адамдар тартылуда. Бізге сот-тергеу практикасының бірыңғай тәсілдерін әзірлеп, туындаған түйіткілді мәселелерді шешу жолдарын пысықтау қажет», - деді ол.

Осы мәселенің өзектілігіне Мемлекет басшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттік» атты Қазақстан халқына Жолдауында баса назар аударды. Жолдауда Мемлекет басшысы жеке меншік құқығын қорғауды еліміздің басты басымдығы ретінде белгілеген болатын.

Жоғарғы Соттың алаяқтық бойынша қылмыстық заңнаманы қолдану жөніндегі сот практикасын зерделеу алаяқтықтың экономика саласы мен жеке меншікке қарсы қылмыста кеңінен таралғандығын көрсетті. Алаяқтық жеке және заңды тұлғаларға қатысты экономикалық және кәсіпкерлік қызмет, несие, мемлекеттік сатып алу салаларында жасалады. Компьютерлік технологияны пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқыру жиі кездеседі. Мәселен, мәліметтерге сүйенсек, 2016 жылы жеке тұлғаларға қатысты жасалған алаяқтықтың саны 2459-ды, заңды тұлғаларға қатысты – 269-ды құрады. 8 қылмыстық іс бойынша алаяқтық компьютерлік технологияны пайдалану арқылы жасалған.

Бұған қоса, жүргізілген қорытудың нәтижесіне сәйкес экономикалық және кәсіпкерлік қызмет саласында – 32 қылмыстық іс, несие беру саласында – 111 қылмыстық іс, мемлекеттік сатып алу саласында – 28 қылмыстық іс бойынша алаяқтық жасалған. Қылмыстық істің материалдарына сәйкес алдау немесе сенімді теріс пайдалану, мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй, арзан үй, автокөлік алып беруге көмек көрсету жәбірленушілердің мүлкін жымқырудың кең тараған тәсілі болып табылады. Сонымен қатар, банкке кепілге салынған мүлікті, қарызы үшін тыйым салынған, тұрғын үй салуға арналған жер телімін және қысқа мерзім ішінше банктік несие алуда алаяқтық фактілері көптеп кездеседі.

Жәбірленушілер қомақты ақшаларын қандай да бір құжатты ресімдеусіз өз еріктерімен берген және уәде берілген қызметті алмаған кезде алаяқтарға ақшаны қарызға беру қолхатын немесе шартын рәсімдеу арқылы өз беттерінше қорғануға тырысқандығын атап өткен жөн.

Алаяқтықты жасаудағы алдау тәсілдерінің әр түрлілігі және жақын құрамдағы қылмыстардан бөлудің нақты критерийлерінің болмауы оны ашуда, тергеу жүргізуде және саралауда қиындық туғызуда.

Қазіргі таңда сот практикасын қорыту негізінде Жоғарғы Сот алаяқтық туралы істер бойынша нормативтік қаулының жобасын әзірлеуде.

Сөз соңында, А.Рахметулин судьялар мен мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ ғалымдар шетелдік тәжірибені ескере отырып, ойлары мен тәжірибелерімен бөлісу мүмкіндігіне ие болатын осындай іс-шаралар бірыңғай тиімді тергеу-сот практикасын әзірлеуге және заңнаманы одан әрі дамытуға ықпал ететіндігін айтты.

Одан әрі Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов кіріспе сөз сөйледі.

Герман Халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорының (IRZ) Қазақстандағы сарапшысы Кристиан Рох неміс қылмыстық құқығындағы алаяқтықпен байланысты қылмыстар туралы ойымен бөлісті.

Конференция барысында спикерлер алаяқтық туралы қылмыстық істерді азаматтық-құқықтық қарым-қатынастан бөлу мәселесін, бюджеттік саладағы алаяқтық туралы істер бойынша сот-тергеу практикасын, сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу құрамына ұқсастығы бар азаматтардың іс-қимылын саралаудың ерекшелігі, сыбайлас жемқорлық субъектісі жасаған алаяқтықты саралаудың кейбір түйіткілді және басқа да мәселелерді талқылады.

Іс-шара барысында бағдарламада көзделген барлық мәселелер бойынша қызу әрі сындарлы пікірталас орын алды. 

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі