Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясының алғашқы түлектеріне диплом тапсыру рәсімі өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жоғарғы Сот ғимаратында Сот төрелігі академиясының алғашқы түлектеріне диплом тапсыруға арналған салтанатты жиын өтті. «Заң ғылымдарының магистрі» академиялық дәрежесі жоғары оқу орнының 53 түлегіне берілді.

Іс-шараға Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин, еліміздің жоғары сот органының судьялары, Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұрсерік Шәріпов, Департаменттің жауапты қызметкерлері, сондай-ақ, Сот төрелігі академиясының басшылығы мен профессорлық-оқытушылар құрамы қатысты.

Академия ректоры Төлеш Қаудыров іс-шараны аша келе, Мемлекет басшысының терең кәсіби білім мен жоғары моральдік-адамгершілік қасиеттерге ие, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қарсы тұра білетін, уақыттың талаптары мен сын-қатерлеріне сәйкес жұмыс істей алатын еліміздегі жоғары білікті судьялар корпусының өкілдеріне сұраныстың артып отырғандығы туралы айтқан сөздерін еске салып өтті.

Жоғарғы Сот жанындағы айрықша мәртебеге ие Сот төрелігі академиясы 2016 жылғы 18 ақпанда Президент Жарлығына сәйкес құрылды. Жұмыс істеп жүрген судьялардың біліктілігін арттыру және қоғамның сот төрелігіне сенімін нығайтуға қабілетті жаңа формациядағы сот кадрларын даярлау жаңа ЖОО-ның негізгі міндеттері болып табылады.   

Ректордың пікірінше, Академия магистранттары техникалық құралдарды пайдалана отырып, инновациялық әдістер бойынша білім алып, Астана соттарында тәжірибе жинақтап, шетелдік жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өткен.  

Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин түлектерді құттықтай келе, Сот төрелігі академиясы Ұлт Жоспарының 18-қадамын орындау мақсатында құрылғанын айтып, сот жүйесінде кәсіби деңгейі жоғары судьялар корпусын қалыптастыруға бағытталған өзгерістер туралы баяндады. Атап айтқанда, судьялық лауазымға кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптары мен оларды іріктеу тетіктері қатаңдатылды. Біліктілік емтиханын тапсырудың рәсімдері күшейтілді, соның ішінде, психологиялық тестілеудің рөлі артты. Кандидаттардың алған білімін іс жүзінде қолдана білу қабілетін тексеруге басымдық берілді, полиграфологиялық зерттеу жүйесі енгізілді. 

А.Рахметулин судьяның жоғары мәртебесі туралы айта келе, түлектерді сот төрелігін жүзеге асырушыларға қойылатын кәсіби даярлықпен қоғамның моральдық-адамгершілік талаптарына сай болуға шақырды.

Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұрсерік Кәрімов магистранттарға ақжолтай тілегін айтты. Ол республика соттарында сот төрелін бейтарап әрі әділ жүзеге асыру үшін қажетті жағдайдың жасалғанын айрықша атап өтті. Айталық, барлық сот отырысы залдарында аудио-бейнетіркеу жүйесі орнатылды, жаңа ақпараттық технологиялар қолданылуда. Сот жюриінің қызметі реформаланды. Аталған институт республикадағы 1 345 судьяның кәсіби қызметіне бағалау жүргізді.

Елімізді әлемдегі  ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосудағы білімнің маңызды рөлі туралы Президенттің сөздеріне тоқтала кел, Н.Шәріпов Академия түлектерін әрдайым әділдік, ақиқатшылдық және өз ісіне адалдық секілді қағидаттарды ұстанатын кәсіби маман болуға шақырды. 

Бұдан әрі А.Рахметулин мен Т.Қаудыров Академия түлектеріне диплом тапсырды. Түлектер атынан Бағдат Төребекұлы алғыс сөзімен бөлісті. Ол Академия қабырғасында алған білім мен дағды еліміздің сот-құқық саласын дамытуға жұмсалатындығына сенім білдірді.      

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі