Жоғарғы Сот Төрағасы Сингапурдың Қазақстандағы Елшісімен кездесті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Қайрат Мәми Сингапурдың Қазақстандағы резидент емес Елшісі Зулкифли бин Бахарудин мырзамен кездесті.

Кездесуде Жоғарғы Сот Төрағасы екі елдің ынтымақтастығын жандандыруға Елшінің тікелей қосқан үлесін атай келе, «ЭКСПО-2017» көрмесінің шеңберінде Сингапурдың ұлттық күнінің табысты мерекеленуімен құттықтады.  

З.Бахарудин мырза екі елдің іс-қимыл деңгейі мен қарқыны, көбінесе, қос елдің мемлекеттік құрылымдарының ынтымақтасты арттыру бойынша әзірлігіне тікелей байланысты екендігін атап өтті.

Қ.Мәми Қазақстанның конституциялық реформаны өткізуі туралы мейманның сұрағына жауап бере келе, Президенттің мемлекеттік бағдарламаларды бекіту туралы құзыретін Үкіметке беру, Ішкі істер және Әділет министрлерін тағайындау тетіктерінің өзгеруі, Үкіметтің Парламентке тікелей есептілігінің күшеюі туралы айтты. Сот жүйесіндегі жаңашылдықтар бойынша Ата Заңнан судьялыққа кандидаттардың 25 жас шектелімі туралы талаптың алынып тасталуына айрықша назар аударылды. Аталған қадам кандидаттарды судьялыққа 30 жастан бастап тағайындау туралы міндетті жас шектелімін арттыру жөнінде «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізуге мүмкіндік берді. Қ.Мәми мейманға еліміздің Конституциясына соңғы реформа барысында енгізілген барлық түзетулерге қатысты құжаттарды берді.     

Өз кезегінде, Елші елімізде жүзеге асырылған конституциялық өзгерістерді дер кезінде қолға алынған бастама деп бағалап, «Сингапурдың тәжірибесі Қазақстанға ғана қызықты емес, сонымен қатар, Сингапур де Қазақстанның даму тәжірибесін мұқият зерделеп отыр», - деді. З.Бахарудин мырза Астанадағы Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) жұмысын ұйымдастыруға белсене қатысуға әзір екендігін жеткізді.   

Осы мәселені талқылай келе, Қ.Мәми АХҚО-ның жанынан инвестициялық дауларды шешу мақсатында арбитраж орталығы мен қаржы сотын құру жұмысының барысы туралы әңгімеледі. Аталған сот еліміздің сот жүйесіне кірмейді, онда сот ісі ағылшын тілінде жүргізіліп, ағылшын-саксон құқығы қолданылатын болады. Қ.Мәми Жоғарғы Сот АХҚО-ның ең жақын серіктесі болып табылатындықтан, Дубай қаржы және Сингапур арбитраж орталықтарының тәжірибесі негізінде оның дамуына мүдделі екендігін атап өтті.      

Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен Сингапурдың құқық саласындағы алдағы ынтымақтастығы өзара түсіністік пен сенімнің қалыптасқан дәстүрлі жағдайында дами беретіндігіне сенім білдірді.

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі