Жоғарғы Сот Төрағасы Бурабай аудандық сотына жұмыс сапарымен келді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми Ақмола облысының Бурабай аудандық сотына жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі судьялармен және сот қызметкерлерімен кездесті.  

Қ.Мәми судьялармен кездесу барысында Ұлт Жоспары аясында сот реформаларының табысты іске асырылып, судьялардың VII-съезінде Елбасы жүктеген міндеттерді орындау бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Жоғарғы Сот Төрағасы Бурабай аудандық сотының қызметі мен материалдық-техникалық жабдықталуына оң бағасын берді. Бурабай ауданы туристік өңір болғандықтан, ауданның соты да сот төрелігін іске асыруда үлгі болу керектігін айтты. Бұл судьялар корпусы мен сот қызметкерлеріне тиісті жауапкершілікті жүктейді.

«Сіздердің жұмыстарыңыздан біздің еліміздегі сот төрелігінің даму деңгейі жөнінде шетел туристерінің ойы қалыптасады. Осыған байланысты сіздер сот жұмысын ұйымдастыру бойынша барлық мәселелерге көңіл аударуларыңыз керек, олар: құжаттарды уақытылы қабылдау, процестік мәселелерді тұрғындарға дұрыс түсіндіру, сот отырыстарын сауатты жүргізу, шығарылған шешімдерді өз уақытында беру. Мұндайда ұсақ-түйекке жол берілмеуі тиіс», - деді Қ.Мәми.

Жоғарғы Сот Төрағасы соттың жұмысымен танысып, сот отырысының залдарын аралай келе, аудио және бейнетіркеу құрылғылары мен «Сот кабинеті» сервисін қолдану мәселелеріне айрықша көңіл бөлді.

Жоғары сот органының төрағасы судьяларға сот төрелігін жүзеге асыру бойынша жұмыс сапасын арттыруға, медиацияны дамыту бойынша жұмысты жандандыруға, аудио- және бейнетіркеу жүйесін, сот іс жүргізуде ақпараттық сервистер мен мемлекеттік тілді қолдану, сондай-ақ БАҚ-пен өзара іс-қимыл жұмысын бақылауда ұстауға тапсырма берді.

Бүгінгі таңда Бурабай аудандық сотының барлық сот залдары аудио және бейнетіркеудің автоматтандырылған жүйесімен жабдықталған. Оны қолданудың көрсеткіші 99,9 %-ды құрайды. Сотта медиация кабинеті жұмыс істеп тұр, азаматтардың «Сот кабинеті» ақпараттық сервисіне қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін айрнайы компьютер орнатылған.

Қайнар: 
Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі