Жоғарғы Сот Қостанай облысы Жітіқара қаласының бұрынғы әкіміне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді тоқтату туралы қаулыны күшінде қалдырды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасының қаулысымен Е.Жандыровты ӘҚБтК-нің 79-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы Қостанай облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы қаулысының күші жойылды. Жоғарғы Сот осы іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы Қостанай облысының Жітіқара аудандық сотының қаулысын күшінде қалдырды.

2015 жылғы 18 қыркүйектегі іс құжаттарына сүйенсек, Жітіқара ауданының әкіміне Жітіқара қаласының бір топ тұрғындарынан өздерінің көршілері электр қуатын тарату желісіне өз еркімен қосылғандығы және коммуналдық қызмет ақысын ұзақ уақыттан бері төлемегендігі туралы арыз келіп түскен. Осы арызды қарау Жітіқара қаласының әкімі Е.Жандыровқа, «Жітіқаракоммунэнерго» МКК және «Жітіқара ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімшесі» ММ-нің басшыларына тапсырылған.

«Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы», «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңдарына сәйкес Е.Жандыров әділет органынан және «Жітіқаракоммунэнерго» МҚК-нан тұрғын үйдің меншік иесі туралы және оның коммуналдық қарыздары туралы мәліметтерді сұратқан. Арыз қаралғаннан кейін арыз иелеріне борышкерлерге қатысты қабылданған шаралар туралы жазбаша түрде жауап жолданған.

Жітіқара ауданы прокурорының қаулысымен Жітіқара қаласының әкімі Е.Жандыровқа қатысты қызмет бабын пайдалана отырып заңсыз түрде дербес деректерді жинағаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған.

Қостанай облысының Жітіқара аудандық сотының қаулысымен әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы болмағандықтан, істі жүргізу тоқтатылған. Алайда, Қостанай облыстық сотының  аппеляциялық сатысы осы сот актісінің күшін жойған.

Жоғарғы Сот істі кассациялық тәртіпте қарап, апелляциялық саты қаулысының күшін жойды және Жітіқара аудандық сотының қаулысын күшінде қалдырды.   

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі