Үкіметтің баспасөз орталығында заң үстемдігін қамтамасыз ету бойынша баспасөз мәжілісі өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Қазақстан Республикасы Үкіметінің баспасөз орталығында «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының «Заң үстемдігін қамтамасыз ету» атты екінші бағытының іске асырылу барысына арналған баспасөз мәжілісі өтті. Сот жүйесінен спикер ретінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұрсерік Шәріпов қатысты.  

Баспасөз мәжілісі барысында Н.Шәріпов жүргізілген сот реформаларының нәтижелерін атап өтті. «Ұлт Жоспарына сәйкес Жоғарғы Сотқа барлығы 10 қадамды іске асыру жүктелді. Олардың барлығы 2015-2016 жылдары іске асырылды. Бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот жүйесіне көшу әрбір сатының рөлін нығайтты және сот шешімінің түпкілікті күшіне енуін жылдамдатты», - деді ол.

Соттарда азаматтық істердің қаралу мерзімі екі есеге қысқарды. Сот бұйрығы негізінде қаралған істер саны төрт есеге, баламалы тәсілдер бойынша аяқталған істер – үш есеге артты. Прокурордың сот отырысына қатысуы айтарлықтай қысқарды.

Түрмедегілердің саны айтарлықтай азайды. Сот бақылауын кеңейту бойынша жүргізілген шаралар оң нәтижесін беруде. Тергеу судьялары институты жоғары тиімділігін көрсетуде. Барлық істер санаты бойынша сот төрелігін жүзеге асыру сапасы жоғары деңгейде.

Ұлт Жоспарының 20-қадамын іске асыру бойынша жұмыстың нәтижесі туралы айта келе, спикер соттардың барлық залдары аудио, -бейнетіркеу жүйесімен жабдықталғанын айрықша атап өтті.

Департамент басшысы сот жүйесі үшін жоғары білікті судьялар корпусын қалыптастыру аса маңызды мәселе екенін айтты. Судьялыққа кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптары мен іріктеу механизмдері айтарлықтай күшейді. Олар үшін психологиялық тестілеуден өту мен полиграфтан тексеру жүйесі енгізілді. Судьялыққа кандидаттардың жасы 25-тен 30-ға дейін ұлғайтылды. Ағымдағы жылы жаңа ереже бойынша 191 кандидат іріктеліп, жергілікті соттардың судьясы лауазымына тағайындалды. Енді судьялар өз біліктілігін жұмысының алғашқы жылынан кейін және одан кейін әрбір бес жыл сайын растауы керек. Біліктілік комиссиясы биыл 140 судьяның кәсіби қызметін бағалады. 2016 жылы 1220 судьяға қатысты бағалау жүргізілді.

Республика судьялардың VII съезінде Судьялық әдеп кодексінің жаңа нұсқасы қабылданды. Аталған құжатта жұмыста және жұмыс уақытынан тыс кезінде судьялардың және олардың отбасы мүшелерінің жүріс-тұрысы нақты регламенттелген.

Сонымен қатар, 18-қадамға сәйкес Жоғарғы Соттың жанынан құрылған Сот төрелігі академиясы сәтті қызмет етуде. Осы жылы Академияны алғаш рет 53 түлек бітіріп шықты. Былтырдан бастап Жоғарғы Соттың мамандандырылған алқасы ойдағыдай жұмыс істеуде. Жоғарғы Сот жанындағы Халықаралық кеңесте белсенді қызмет етуде.

Н.Шәріпов сөзін жалғастыра келе, Жоғарғы Сот Астана халықаралық қаржы орталығы жанындағы қаржы соты мен арбитражды құру жұмысына сарапшылық және басқа да қолдау көрсетіп жатқанын айтты.

«Ұлт Жоспары шеңберінде жүргізілген реформалар сот төрелігін жүзеге асыру бойынша соттар жұмысының тиімділігін арттырды», - деді Н.Шәріпов.

Баспасөз мәжілісі барысында спикерлер журналистердің барлық сұрақтарына жауап берді.

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі