Тараз қалалық сотында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы талқыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

«Дөңгелек үстелге» Жамбыл облыстық сотының судьялары, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ермекбай Серікбаев, аталған жоғару оқу орнының аға оқытушысы Гүлжан Өтепбергенова, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми кітапхананың қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Тоқсанбаева, сондай-ақ, БАҚ өкілдері қатысты.  

Жамбыл облыстық сотының судьясы Ардақ Әкетаев іс-шараның қатысушыларына алғы сөз айтып, Елбасының бағдарламалық құжатында жаһандану жағдайында ұлттық мемлекеттің қалыптасу ерекшеліктерін жан-жақты талдап, ХХІ ғасырда ұлттық сана сақтау мен дамытудың нақты жолдарын ұсынғанын атап өтті. «Мемлекеттік-құқықтық жүйенің жаңғыруы, ең алдымен, қазақ халқына дамудың тарихи түп-тамырларына жүгінуді, адамгершілік, заңға мойынұсынушылық, әділдік және қазақ халқының тіршілік әрекетінің құқықтық саласына ежелден тән болған басқа да әлеуметтік құндылықтарының жоғалған мұраттарын іздеу мен қалпына келтіруді талап етеді. Билер соты – қазақ сот ісін жүргізудің ұмытылмас тарихи құбылысы болып табылады, сот төрелігін жүзеге асыруға адал қатынас пен кәсібиліктің лайықты үлгісін бейнелейді», - деді.

Судья Ернұр Смаилов қатысушылардың назарын Мемлекет басшысы мақаласының негізгі мақсаттарына, яғни қалыптасқан дәстүрді және рухани құндылықтарды сақтай отырып, өз мәдениетін, қазақ тілін дамытуға аударды. «Қазақтың рухани мәдениеті – бұл  мықты идеология. Атап айтқанда, оның жандануы біздің бірлігімізді сақтауға көмектеседі,  ол әлемдік сын-қатердің жаңа нысандары діни экстремизимге, сепаратизмге қарсы қалқан болады», - деп атап өтті. 

«Қасым ханнын қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті Жарғы» заңдар жинағының әзірлеуінде билер соты институтының мәні, жүздердің пайда болу тарихы мен билердің рөлі туралы Ермекбай Серікбаев әңгімеледі.  

Іс-шара соңында қатысушылар өзара пікір алмасты. Судьялар  қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Қайнар: 
Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметі