Судьялар мен кәсіпкерлер бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту мақсатында заңнаманы жетілдіру мәселелерін талқылады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Алматы қаласында «Кәсіпкерлік қызмет жағдайларын жақсарту үшін азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті. Іс-шараны Жоғарғы Сот «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп ұйымдастырды.

Конференцияға Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасының төрағасы Айгүл Қыдырбаева, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Рүстем Жүрсінов, Жоғарғы Сот жанындағы Халықаралық кеңестің мүшесі, Қазақстандағы «КазБар» Коммерциялық заңгерлер қауымдастығы басқарушы кеңесінің төрағасы Айгүл Кенжебаева, сондай-ақ Жоғарғы Сот пен жергілікті соттардың судьялары, мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастық пен БАҚ өкілдері қатысты.

«Дөңгелек үстел» жұмысын аша келе, А.Қыдырбаева Тәуелсіздік жылдары ұлттық сот төрелігі заң үстемдігін қамтамасыз етудің және қоғамдағы тұрақтылықтың сенімді кепілі болды, ал Қазақстан азаматтарының құқықтарын сот арқылы қорғау деңгейі халықаралық озық стандарттарға барынша жақын бола түсті деп атап өтті. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының шеңберінде сот жүйесі айтарлықтай жаңғыртылды.  

«Мемлекет басшысы осы мәселеге ерекше көңіл бөліп келеді, ол сот жүйесінің бизнес субъектілерінің, инвесторлардың құқықтарын қорғау және олардың тиімді қызмет атқаруына оңтайлы жағдай жасаудағы ерекше орнын әрдайым басты назарда ұстайды», - деді А.Қыдырбаева.

Сот ісін жүргізуді жеңілдету, сот төрелігіне қолжетімділікті кеңейту және кәсіпкерлікті қолдау үшін барынша жағымды жағдай жасауға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Ең негізгі жаңашылдықтың бірі – инвестициялық даулар бойынша дербес сот алқасының құрылуы. Сот сатыларын қысқарту, апелляциялық және кассациялық сатыдағы судьялардың жауапкершілігін арттыру арқылы инвесторладың құқықтары мен заңды мүдделерін сапалы құқықтық қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған.   

2016 жылдың басынан жаңа Азаматтық процестік кодексті іс жүзінде қолдану оны қабылдағаннан бастап, бұзылған құқықтар мен заңды мүдделерді қорғау мен қалпына келтіру үшін барынша тиімді жағдайдың жасалғанын дәлелдейді. АПК-ны іс жүзінде қолданыла бастағанынан аз уақыт өткеніне қарамастан, оның жаңашылдықтары соттар жұмысында өзінің тиімділігін көрсетуде. Егер сот төрелігінің ескі жүйесінде кейбір санаттағы істер жарты жылға дейін қаралса, бүгінде олар ең көп дегенде 8 айдың ішінде шешімін табуда. Осы ретте, азаматтық істердің 82%-дан астамы бір ғана сот отырысында, 10%-ға жуығы – екі, ал 59%-ы жеңілдетілген іс жүргізу тәртібінде, яғни соттарға миллионға жуық процеске қатысушыларды шақырмай-ақ қаралуда.

«Дөңгелек үстел» жұмысының барысында  «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Р.Жүрсінов пен «КазБар» Қазақстандық коммерциялық заңгерлер қауымдастығының басқарушы кеңесінің төрағасы А.Кенжебаева сөз сөйледі.

Жоғарғы Соттың судьясы Г.Әлмағамбетова қатысушылардың назарын кәсіпкерлік үшін қолайлы жағдайларды жақсартуға бағытталған азаматтық процестік заңнаманың жаңашылдықтарына аударды. АПК-ға өзгерістер енгізу азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асырудан құралатын міндеттер мен принциптерден тарайтын процестік заңнаманың мазмұнына қойылатын халықаралық стандарттардың талаптарына сай келеді.

Сонымен қатар, Г.Әлмағамбетова жуырда ғана Мемлекет басшысы азаматтық, процестік және банктік заңнаманы жетілдіру мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық, банктік заңнаманы жетілдіру және кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойғандығын мәлімдеді. Осы Заңға енгізілген түзетулерге сәйкес жауапкерге және үшінші тұлғаларға талап қою арызының көшірмелерін және оған  қоса берілген құжаттарды үш жұмыс күн ішінде жолдау немесе тапсыру міндеті сотқа жүктеледі. Бұрын мұндай міндет талап қоюшыларға жүктелген. Арызды электронды құжат түрінде берген жағдайда оның көшірмесін қоса беру қажеттілігі болмайды.

Сонымен қатар, жауапкерлердің талап арызға пікір беру мерзімі талап арыздың көшірмесін алған күннен бастап 10 жұмыс күніне дейін қысқартылды.

Бұған қоса, істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірмей басталатын бірінші сот тыңдауының мерзімі заңнамалық тұрғыда бекітілді. Бұған дейін мұндай мерзім заң бойынша мүлдем анықталмаған болатын.

Көрсетілген мерзімдердің заңмен регламенттеу процесті азаматтық сот ісіне қатысатын барлық жеке және заңды тұлғалар үшін түсінікті ете отырып, азаматтық процесті бір тәртіпке келтіреді. 

Жоғарғы Сот жанындағы Департаменттің ақпараттық технологиялар және ақпараттық ресурстарды қорғау бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.Молдақов «Сот төрелігіне және сот ақапаратына қолжетімділікті кеңейту мақсатында іске қосылған Жоғарғы Соттың «Сот кабинеті» және «Сот актілерінің банкі» ақпараттық жүйелерін одан әрі жетілдіру туралы» баяндама жасады. Ол осы жылдан бастап «Сот актілерінің банкі» сервисінің пилоттық режимде іске қосылғанын айрықша атап өтті. Оның басты ерекшелігі – мәнмәтіндік көрсеткіштер мен санаттар бойынша 2015-2016 жылдары соттар шығарған сот шешімдерін (қаулыларын) іздеу мүмкіндігінің пайда болуы. Форум қатысушыларына сервистердің жұмысы нақты уақыт  режимінде таныстырылды.  

Бұған қоса, «дөңгелек үстел» шеңберінде «Baker & McKenzie» компаниясының аға заңгері А.Коробейников, «Атамекен» ҰКП Арбитраж орталығының атқарушы директоры А.Қалдыбаев, басқарушы директор – «Атамекен» ҰКП Заңнама және өзін-өзі реттеуді дамыту департаментінің директоры А.Бижанова, Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Г.Оңлабекова, Алматы қаласы Әділет департаментінің басшысы Г.Кокобаева және т.б. сөз сөйледі.

Форум жұмысының соңында қатысушылар сұрақ-жауап тәсілімен іскерлік және сындарлы негізде пікір алмасты.

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі