Сот төрелігі академиясының магистранттарын оқытуда интерактивті тәсіл қолданылуда

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жоғарғы Сот ғимаратында Сот төрелігі академиясының оқытушылары мен магистранттары бірлесіп, «Керей руының қызы Салиханы Сыбан руының жігіті Сабатарға ұзатудың құдалық мәмілесін заңсыз деп тану» атты шығармашылық жобаны сахналады.

Азаматтық кодекс пен Азаматтық процестік кодекстің жекелеген нормаларын пайымдауға бағытталған және әр кезеңдегі құқықтың қолданылуы салыстырылған спектакль  Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының үзіндісі бойынша және Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылды. Спектаклдің қойылымында дәстүрлі құқыққа негізделген билер соты мен қолданыстағы заманауи заңнамаға сәйкес қазақ қоғамындағы құқық қолданудың түрлі кезеңіндегі ерекшеліктері көрсетілді. Мәселен, ХІХ ғасырдың бас кезеңінен бастау алатын қызға құда түсу дәстүрі магистранттардың қойылымында қолданыстағы қазіргі құқық тұрғысынан сарапталып, көрсетілді.

Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми қойылымға қатысты рецензиялық пікірін білдіре отырып: «Судьялардың VII съезінде Мемлекет басшысы жаңа тұрпаттағы судьяларды даярлау – Академияның ең басты міндеті болып табылатындығын айтты. Осы мақсатта судьяларды оқыту бағдарламасы жаңа креативті әдістерге негізделуі, интерактивтілік пен тәжірибеге барынша бағдарлануы тиіс», - деді.

Іс-шараға қатысқан Жоғарғы Сот пен Департаменттің басшылығы қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрінің құқықтық құндылығын ғана емес, оның мағыналық тереңдігі мен көркемдігін қамтитын қойылымды зер сала тамашалады.  

Академия құрылған күннен бастап болашақ судьяларды оқытудың мазмұнын дамыту, әдіс-тәсілдерін жетілдіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Алдағы уақытта осы қойылымның негізінде судьялар мен заңгерлерді даярлау мақсатында өңірлерде әдістемелік құрал ретінде қолдану үшін арнайы деректі фильм түсіру мүмкіндіктері қарастырылуда.

Қайнар: 
Сот төрелігі академиясы