Сот төрелігі академиясы судьялар мен магистранттар үшін тренинг өткізді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Сот төрелігі академиясының Судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау орталығы Жоғарғы Соттың жанындағы Халықаралық кеңестің ұсынымына сәйкес сот білімі бағдарламасы бойынша курс тыңдаушылары – аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары, сондай-ақ, магистранттар үшін тренинг өткізді.

Тренинг процестік құжаттар мен олардың уәждемесін әзірлей отырып модельдік істер бойынша сот процесін қойылымдық негізде рөлдік ойындар түрінде өткізудің шетелдік тәжірибесіне негізделіп өткізілді.

Тренингке Жоғарғы Соттың судьялары, оқу бағдарламаларының үйлестірушісі Ұлбосын Сүлейменова, азаматтық істер бойынша оқу бағдарламаларының кураторы Гүлжан Әлмағамбетова, Сот төрелігі академиясының ректоры Мұрат Бейбітов, вице-ректор Мақсат Берекетов, ғалым хатшы Қазбек Шәкішев, Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институтының директоры Гүлназ Ғаниева сарапшы ретінде қатысты. Сот төрелігі академиясының Судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау орталығының жетекшісі Дания Қисықова іс-шараны жүргізді.

Іс-шарада сөйлеген сөзінде Жоғарғы Соттың судьясы Г.Әлмағамбетова сот шешімін шығаруға қатысты қойылатын талаптарды сақтаудың міндеттілігін айта келе, жаңа Азаматтық процестік кодекске сәйкес сот шешімін құрудың әрбір кезеңін егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті.

Талқылаудан соң Академия магистранттары мүлікті тыйым салудан босату туралы талап арыз бойынша өмірде орын алған азаматтық іс негізіндегі сот процесін қойылым түрінде көрсетті. Магистранттар қабылданған шешім бойынша уәждемеге, шешімнің құқықтық негізделуіне қатысты ойларын ортаға салды. Мұнан соң тренингке қатысушылар сот отырысын өткізу рәсімдері мен қабылданған шешімнің дұрыстығы мәселелерін талқылады.

Өз кезегінде, курс тыңдаушылары – аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары ипотекалық несие бойынша қарызды өндіріп алу, кепілге қойылған мүлікті айналымға қосу туралы Банктің арызына сәйкес азаматтық іс бойынша сот отырысын қойылымдық негізде көрсетті. Бұл ретте де қабылданған шешімнің уәждемесі айтылып, сот отырысын өткізу рәсімдері мен қабылданған шешімнің дұрыстығы мәселелері талқыланды.

Қойылымдық процестерді өткізудің мақсаты – сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсарту.

Тренинг барысында магистранттар іс бойынша сұрақ қою, жұмыс істеп жүрген судьялармен қаралған істер бойынша пікір алмасу, ал судьялар болашақ әріптестеріне шеберлік сыныптарын көрсету мүмкіндігіне ие болды.

Қойылымдық сот процестері бойынша Жоғарғы Соттың судьялары Ұ.Сүлейменова мен Г.Әлмағамбетова «Сот процестері Азаматтық процестік кодекс нормаларына сәйкес жеткілікті әзірлікпен өткізілді» деп бағалай келе, өздерінің сарапшылық қорытынды пікірлерін білдірді.      

Қайнар: 
Сот төрелігі академиясы