Сот қызметі таразыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

27 маусымда Жоғарғы Сотта республикамыздың бас қазысы Бектас Бекназаровтың төрағалық етуімен 2013 жылдың І жартылдығында сот төрелігін жүзеге асыру бойынша республика  соттарының атқарған жұмысының  қорытындысына  байланысты  кеңейтілген жиналыс өтті.

Оның жұмысына Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы Ақылтай Қасымов және азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы Еліс Әбдіқадыров, Жоғарғы Соттың судьялары, облыстық және оларға  теңестірілген соттардың төрағалары, сондай-ақ аппарат қызметкерлері қатысты. 

Алғы сөз кезегін алған Жоғарғы Сот Төрағасы «Бірінші жартыжылдықтағы жұмысымызды қорытындылауға арналған бүгінгі бас қосуымыздың тақырып аясы әдеттегіден кеңірек болмақ. Себебі алдымызда  өте жауапты  шара - судьялардың  VI съезін өткізу мәселесі тұр. Сондықтан жарты жылдықтың жұмысын қорытындылап қана қоймай, таяу уақыттағы  міндеттерімізді айқындап алғанымыз абзал болар» - деді. Яғни, жаңа  іс жүргізу заңнамасында сот ісін жүргізу рәсімдері  азаматтар мен заңды тұлғаларға қолайлы екенін, сот сатыларында іс қарау тәртіптері айқын белгіленгендігі жайында айта отырып, сот төрелігін атқарудың сапасына тоқталды. Мәселен, жалпы республика соттарына аудандық және оларға теңестірілген соттардан 444 928 өтініш пен іс түскен, яғни 2012 жылға қарағанда 20633 немесе 4,9 % құрайды. Ал өткен жыдың осы кезеңімен салыстырсақ, 375 075 іс аяқталған, яғни 8,1 %. 

Есеп беру кезеңінің ішінде 4 236 сот актілерінің күші жойылып, бұзылған, яғни 1,4 %.  Ал 2012 жылы  3565 күші жойылып, бұзылған, яғни 1,3 % құрайды.
Жалпы алғанда республика бойынша шығарылған сот актілерінің 98,6 %  іс жүргізу және материалдық заң талаптарына сәйкес келеді.

Сонымен қатар Жоғарғы Сот Төрағасы Елбасының «Қазақстан-2050» Қазақстан халқына Жолдауында қойған міндеттерді алға тартты. Яғни, заман талабына сай, ақпараттық технологияларды белсенді енгізудің арқасында сот төрелігін жүзеге асыру үрдісін оңайлату және басы артық бюрократиялық рәсімдерден арылу керектігін  сөз етті. Сонымен қоса,  бір  мезгілде соттардың жұмысын жеңілдету үшін соттардан тыс реттеу институттарын дамыту мәселесі де назардан қалмады. Мәселен, ағымдағы жылы аудандық және қалалық соттарда бітімгершілікке келуіне байланысты 3 797 іс өндірісте қысқартылған. 

Одан соң алқа төрағалары қылмыстық және азаматтық  істер бойынша баяндама жасап, өзге де сот ісін жүргізу нысандары бойынша қорытынды жасады. 

Сот төрелігін атқару сапасы бойынша Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстық соттарының төрағалары есеп берді

Жиналыс соңында Б.Бекназаров сот төрелігін атқару  сапасы мен тиімділігін арттыру үшін облыстық және оларға теңестірілген сот төрағаларына тапсырмалар беріп, бірқатар міндеттер жүктеді.