Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай аудандық сотында «Бітімгерлік рәсімдерін насихаттау және оларды азаматтық және қылмыстық сот ісін жүргізуде қолдану» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров Катонқарағай ауданында «Бітімгерлік рәсімдерін насихаттау және оларды азаматтық және қылмыстық сот ісін жүргізуде қолдану» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Талқылау облыстық сот пен Қазақстан халқы Ассамблеясы арасында татуластыру рәсімдері аясында өзара әріптестік қызмет туралы бекітілген меморандумға сәйкес ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстел жұмысына аудан әкімінің орынбасары Бибігүл Рақышева, облыстық, Катонқарағай ауданының №2 аудандық сотының төрағасы Асқар Әлі, Катонқарағай аудандық сотының төрағасы Қабира Садуақасова, «Нұр Отан» партиясының Катонқарағай аудандық филиалының өкілі Гүлбаршын Ағажаева, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы, ауылдық округ әкімдері, медиаторлар, адвокаттар, мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелердің өкілдері қатысты.

Іс-шараны ашқан Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары  Б.Рақышева облыстық сот басшысының бітімгершілік рәсімдерінің осы өңірде қайта жандануына ерекше үлес қосып отырғандығын атай келе, семинар жұмысына сәттілік тіледі.

Д.Әміровтың ақпараты бойынша ағымдағы  жылдың 6 айында  татуластыру рәсімдері бойынша 446 қылмыстық іс, 2 202 азаматтық іс, 1 658 әкімшілік іс, барлығы 4 336 істі қарауды аяқтаған және мемлекетке төленген баж салығы 76 018 645 теңге мөлшерінде қайта қайтарылған. Меморандумды іске асыру бойынша аудандық және оған теңестірілген барлық соттарда, әкімдіктерде, Достық үйлерінде «Медиация кабинеттері» ашылған. Аудандық соттар елді-мекендерге баннерлер орналастырып, судьялар оқыту сабақтары мен дөңгелек үстелдер ұйымдастыруда.

 «Дөңгелек үстелге» қатысушылар жаңа Азаматтық процестік кодекстің медиацияны қолдануға қатысты негізгі ережелері мен талаптарын, яғни  бітімгершілік рәсімдерді қолдану  шараларының кеңейтілуін, медиация институтының жетілдірілуін, партисипативтік рәсімнің жанашылдық болып енуін талқылады.

«Дөңгелек үстелдің» қорытындысында облыстық сот пен аудан әкімі арасында медиацияны қолдану бойынша өзара әріптестік қызмет туралы келісім жасалды. 

Іс-шара соңында облыстық сот төрағасы әкімдерді медиацияны қолдану үрдісін кеңінен насихаттау жұмысын жүргізуге шақыра отырып, бұл жұмысқа ақсақалдардың үлес қосуы қажеттігін атап өтті.

Қайнар: 
Шығыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі