Шығыс Қазақстан облыстық сотында мұражай ашылды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Шығыс Қазақстан облыстық сотында облыстық соттың төрағасы Нұрлан Қайырбековтің, сот жүйесінің ардагерлері,  отставкадағы судьялар Виктор Қизаметдиновтің, Тоғжан Кирееваның, Алтайбек Әнуарбековтің және судьялар мен сот мамандарының қатысуымен сот тарихы мұражайының салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті.

Мұражайдың экспозициясында облыстың сот жүйесінің тарихын куәландыратын көптеген материалдар: сот төрелігінің даму кезеңдерінен, соттың тарихынан сыр шертетін сирек мұрағат құжаттары мен судьялардың жұмыс барысында қолданылған естелік заттары орналастырылған. Мұражайдың ортасына Қазақстан Республикасының Конституциясы қойылған. Мұражайда судьялардың  өткен жылдардағы және заманауи мантиясы ерекше көзге түседі.

Әр кезеңдері басшылық еткен облыстық соттың төрағаларына, сотта ұзақ жылдар қызмет атқарған сот жүйесінің ардагерлеріне арналған жеке стендтер құрылған. Онда бірнеше фотосуреттер, машинкада басылған және қолмен жазылған сот құжаттарының үлгілері орналастырылған.

Әсіресе әр кезеңдердегі экспозициялық кітаптар: өткен жылдардағы заңнамалардың жинақтары, облыс судьяларының басылымдары мен жазбалары ерекше назар аудартады.

Стендтерде бүгінгі күнде соттың тарихына айналған соттардың өмірінен сыр шертетін, күнделікті өткізіліп жатқан іс-шаралар мен қызметтік іс-сапарлардың қызықты фотосуреттері, дипломдары мен кубоктары ілінген.

Сонымен қатар, оқу орталығының құрылуына, Судьялар Одағының облыстық филиалына, спорттық шаралардағы жетістіктеріне, БАҚ-пен өткізіліп жатқан іс-шаралар қызметі бойынша экспозициялар қойылған.  

Кең әрі әдемі безендірілген, көптеген материалдарға  толы бөлме тарихты тереңірек сезінуге мүмкіндік беріп, әрбір келушіге айрықша әсер қалдырады.

Қайнар: 
Шығыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі