Республика судьялары ЖОО-да дәріс оқыды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бек Әметов Қазақстандық инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде болды.

Заң факультетінің профессор-оқытушылар құрамымен және студенттермен болған кездесу барысында облыстық соттың төрағасы «Ұлт Жоспарын жүзеге асыру шеңберінде сот жүйесін реформалау» тақырыбында дәріс оқыды.

Бек Әметов өз сөзінде ағымдағы жылдың басынан бастап сот жүйесіне қатысты барлық жаңашылдықтар елімізде заңнамалық деңгейде қарқынды жүзеге аса бастағанын атап көрсетті. Ол мамандандырылған соттар құру, алқабилер институтын енгізу, соттардың бұлтартпау шарасын санкциялау, бітімгершілік рәсімдерін қолдану, Судьялық әдеп кодексінің қабылданғаны, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу жүйесін қатаңдату, сот білімі және басқалары туралы айтты.

Облыстық сот төрағасы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген елді жаңғырту мәлелерінің маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар, кездесуде Батыс Қазақстан облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Бақытбек Бегалиев сөз сөйледі. Ол азаматтық процестік заңнама тақырыбына тоқталды. Оның айтуынша, жаңа Азаматтық процестік кодексі сот істерін қарауды жеңілдетті. Кодексте істің сот талқылауына дайындау барысын жетілдіру қарастырылып, оңайлатылған іс жүргізу институты енгізілген және сот бұйрығы өндірісін қолдану аясы кеңейтілген. 

Спикерлер жаңа қылмыстық заңнамадағы өзгерістерге тоқталып, жаңа редакциядағы Судьялық әдеп кодексінің ережелерімен, судьялыққа үміткерлерді іріктеудің жаңа жүйесімен және жұмыс істеп жүрген судьяларға қойылатын талаптармен таныстырды.

Іс-шара барысында студенттер «Қазақстанның сот реформасы: кеше, бүгін, ертең» атты фильмді тамашалады.

 

Ақмола облыстық сотының төрағасы Нұрғазы Әбдіқанов Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде дәріс оқыды.

Облыстық сот төрағасының дәрісіне университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттерінен құралған, жалпы саны 200 тыңдаушы жиналды.

Н.Әбдіқанов тыңдаушыларға Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақасыланың стратегиялық бағыттары жөнінде айтып, әрбір қазақстандық үшін мақаланың маңыздылығын атап өтті. Ол Қазақстан Республикасы сот жүйесінің дамуы мен құрылуы, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын орындау аясында сот жүйесінің жаңғыруы, электронды сот ісін жүргізу мен сот төрелігін жүзеге асыру бойынша соттардың қызметі туралы айтты.

Облыстық соттың судьялары Роза Ертаева мен Абай Мәкітов азаматтық заңнаманы жетілдіру мен әкімшілік заңнамадағы негізгі өзгерістер туралы әңгімелеп берді. Тыңдаушыларды электронды сот ісін жүргізудің даму келешегі және оның азаматтар үшін қандай пайдасын тигізетіні жөніндегі мәселелер қызықтырды. Судьялар студенттердің барлық сұрақтарына жауап берді.

Кездесуде сот төрағасы заң кафедрасының студенттеріне сот жүйесі туралы кітаптар мен оқу құралдарын табыс етті. Іс-шара Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде сот төрелігі жүйесінің жетістіктері мен сот жүйесінде жаңа технологиялар туралы бейнефильмдерді тамашалаумен аяқталды.

Қоғамның құқықтық санасын көтеру және жастарға құқықтық тәрбие беру мақсатында Ақмола облыстық соты жергілікті ЖОО-ның оқытушы-профессорлары мен студенттеріне арналған кездесулер мен бірқатар іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр.

 

Маңғыстау  облыстық сотының төрағасы Ж.Аланов  Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг  университетінің студенттеріне дәріс оқыды

Іс-шараға университет ректоры Ә.Ботабеков, облыстық соттың судьялары мен университеттің профессор-оқытушылар құрамы және студенттер қатысты.

Кездесу барысында сот төрағасы қатысушыларға еліміздегі сот-құқық саласында орын алған жаңалықтар мен өзгерістер, заңдардың соттарда қолданылуы, сот жүйесінің заманауи жетістіктері туралы кеңінен әңгімеледі. Ж.Аланов заң және құқықтану факультеттерінің студенттеріне судьялық қызметтің жауапкершілігі мен беделін, сот ісінің маңыздылығы мен күрделілігін де баяндады. Конституциялық реформа мен Елбасының биылғы Жолдауындағы өзекті мәселелер түсіндірілді.

Пікір алмасу кезінде студенттер қолданыстағы заңдардың ерекшелігі, сот жүйесіндегі  заманауи технологиялар, «Сот кабинеті» сервисінің жұмысы, аудио, бейнежазба және бейнебайланыс жүйелері мен судьялыққа үміткерлерге қойылатын талаптар туралы көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, толық  жауаптар ала алды.

 «Ел болашағы жастардың қолында, демек, еліміздің тізгінін ұстайтын да сіздерсіздер. Сондықтан, уақытты құр жібермей,оқу оқып, білім іздеп, қоғамдағы жаңашылдықтарға бей-жай қарамаңыздар. Өз ісінің белсенді де білікті маманы болыңыздар», - деп, облыстық соттың төрағасы шараны қорытындылады.

 

Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров Қазақ гуманитарлық заң инновациялық және Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттеріндегі заң факультеттерінің студенттерімен және оқытушыларымен кездесті.

Кездесу барысында Д.Әміров Ұлт жоспарын іске асыру мақсатында өткізілген сот-құқықтық реформасы, процестік заңнаманың негізгі жаңашылдықтары және заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану негізінде сот төрелігін жүзеге асыру тәсілдері туралы дәріс оқыды.

Д.Әміров сот төрелігін іске асыруды неғұрлым оңайлатуға, көптеген салалар бойынша дауларды татуластыру рәсімдерін қолдана отырып, реттеуге бағытталған жаңа Азаматтық процестік кодекстің нормаларына тоқталып өтті. Сонымен қатар, қылмыстық теріс қылық институтын бөлу, шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ тұлғаны республика аумағынан шеттету және қамауға алу сияқты қылмыстық жазаның жаңа түрлері, көлікпен байланысты қылмыс үшін жауапкершіліктің күшейтілуі сияқты қылмыстық құқықтағы жаңалықтарды ерекше атап өтті.

 «Осы 10 жылда біз кезең-кезеңімен сот жүйесінің ақпараттандыруға көшіп келеміз. «Сот кабинеті» сервисі арқылы тапсырылатын талап арыздардың пайызы жоғары болғандықтан, қазіргі таңда соттың кеңселеріне арыздарды тапсыру үшін кезек болмайды, арыз, шағымдар мен өтініштерді тапсыру немесе сот актісінің көшірмесін алу үшін үйден шығудың қажеті жоқ. Тараптарға электрондық сервисі арқылы іс қозғалысы, талап арызды тіркеуден бастап, істі өндіріске қабылдау, шығарылған сот актісі және сот отырысының хаттамасы дайын болғанына дейін хабарланады», - деді өз сөзінде облыстық сотының төрағасы.

Оқылған дәрістен кейін кездесу белсенді диалогқа көшіп, студент-заңгерлер өздеріне қызықты сұрақтарына жауап алды.

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі