Республика соттары үздік аудармашыларды анықтады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жамбыл облыстық соты «Сот жүйесінің үздік аудармашысы» атты ауданның мемлекеттік қызметкерлері қатысқан байқау өткізді.

Әділқазылар алқасы құрамына облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Жомарт Рүстембеков, облыстық соттың судьялары Дінмұхаммед Әзіретқұлов, Ғалым Құлекеев, Жамбыл облысы әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасы Тілдерді оқыту орталығының өкілі Айгүл Тыныстаева кірді.

Іс-шараны Жомарт Рүстембеков ашып, өткізіліп отырған байқаудың маңыздылығын атап айтты, қатысушыларға осы іс-шара ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға, сот жүйесінде мемлекеттік тіл саясатын тиімді жүргізуге, сот жүйесіндегі іс қағаздар мен іс жүргізу құжаттарын сауатты аудара білетін аудармашылар корпусын қалыптастыруға бағытталғандығын түсіндірді.

Байқауға қатысушылар үш кезеңнен  өтті. Қатысушылар іс қағаздар бойынша, сот ісіне қатысты құжаттарды орыс тілінен қазақ тіліне аудару және ілеспе аударма сындарына түсті.  

Орындалған тапсырмалардың қорытындысы бойынша жеңімпаз бен жүлдегерлер анықталды. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының маманы Бағлан Қамбатыров, Байзақ аудандық сотының маманы Ақбота Қаржауова, Жамбыл және Талас аудандық соттарының мамандары Дидар Қыраубеков және Айман Тұтқышбаева жүлдегер атанды.

Соңында байқауға қатысушылар жас ұрпақтың мемлекеттік тілге деген қызығушылықтарының артқандығын атап айтып, оны меңгеру әдістемесіне қатысты, сондай-ақ латын әліпбиіне көшу бойынша ойларымен бөлісті.

 

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында сот мамандарының арасында «Сот жүйесінің үздік аудармашысы»  байқауы өтті.

Конкурстық комиссияға облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Түгел Бекімбетов, отставкадағы судья Мейірхан Әміров, облыстық соттың судьялары Серік Дзюлиев пен Таубай Қадырбаев, Шымкент қаласы әкімдігінің «Тілдерді оқыту орталығының» директоры  Нұрила Жұманова болды.

12 маман байқаудың үш кезеңінде қызметтік, ресми хаттарды және сот актілерін жазбаша түрде, сот отырысын сипаттайтын диалогтарды ауызша аударды.

Байқау нәтижесі бойынша облыстық соттың бас маманы Ғалымжан Қадырбаев, Бәйдібек аудандық сотының бас маманы Дана Бейсенова және Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының бас маманы Еркебұлан Әміребеков үздік деп танылды.

Байқау жеңімпаздары арнайы дипломдармен марапатталды.

 

Қызылорда облыстық сотында «Тілім – өлшеусіз қазына» атты топтық сайыс және «Сот жүйесінің үздік аудармашысы» республикалық байқауының облыстық кезеңі өтті.

Қос бірдей сайысты тамашалауға облыс соттарының судьялары мен сот қызметкерлері қатысты.

Топтық сайысқа аудандық және оған теңестірілген соттардың жас мамандарынан құралған «Ана тілі», «Алғырлар», «Тапқырлар» және «Жалын» командалары, аудармашылар байқауына 7 үміткер қатысып, бақ сынасты.

Жергілікті соттарда іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге жаңа серпін беріп, қазақ тілінің сот жүйесінде кеңінен қолданылуына жағдай туғызу, жас мамандардың қоғамдық шараларға белсенділігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған топтық сайыс бес кезеңнен, ал аудармашылардың сайысы 3 кезеңнен тұрды.

Топтық сайыстың соңғы кезеңі «Өнер алды – қызыл тіл» көшбасшылар сайысында ұйымдастырушылар тарапынан тосын сый ретінде дайындалған ақшалай ұтысқа жаңылтпаштарды алма-кезек қайталау барысында сөзінен жаңылмай, шапшаңдық танытқан Қазалы аудандық сотының жетекші маманы Берік Керуенбаев пен Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының жетекші маманы Нұрғаным Балтабай ие болды.

Топтық байқаудың қорытындысы бойынша бірінші орынды – «Алғырлар» командасы, екінші орынды – «Ана тілі», үшінші орынды  – «Жалын» командасы иеленіп, «Тапқырлар» командасына алғыс хат табысталды. Ал, «Сот жүйесінің үздік аудармашысы» байқауында Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы, сот отырысының хатшысы – Асыл Ізтілеуова бірінші орынды иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алды. Қалалық соттың бас маманы-сот отырысының хатшысы Айнұр Қараманова – екінші орын, қалалық №2 сотының бас маман-сот отырысының хатшысы Динара Серікқызы – үшінші орын алды. 

Байқау жеңімпаздары дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Мерекелік іс-шараны қорытындылай келе, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының және әділ қазылар алқасының төрағасы Әділхади Шығамбаев байқауға қатысушыларға белсенділік танытқаны үшін алғысын білдірді.

 

Қостанай облыстық сотында облыстың жергілікті соттары мамандарының арасында «Сот жүйесінің үздік аудармашысы» конкурсы өткізілді. Конкурстық комиссия құрамында Қостанай облыстық сотының судьясы Гүлнәр Исмайлова, Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Ерлік Сералин және облыстық соттың бас маманы-аудармашы Ұлболсын Исергепова болды.

Конкурсқа жергілікті соттардан сегіз маман қатысты. Үш кезеңді қамтыған сайыста мамандар қызметтік және ресми хаттарды, сот актілері мен сот отырысы барысындағы диалогтарды аударды.

Конкурсқа қатысушыларға қойылған тапсырмаларды орындауға жарты сағат уақыт берілді.  

Өткізілген конкурс нәтижесі бойынша Қостанай қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының жетекші маманы Алтынай Қозыбекова бірінші орынды иеленді. Екінші орын Қостанай аудандық сотының кеңсе меңгерушісі Қаламқас Рысжановаға, үшінші орын  Жітіқара аудандық сотының жетекші маманы Ғазиза Кеңесбаеваға берілді.

 

Маңғыстау облысы соттарының 14 қызметкері «Сот жүйесінің үздік аудармашысы» облыстық конкурсына қатысты.

Қазылар алқасының құрамына Судьялар одағының Маңғыстау облысы бойынша филиалының төрағасы Мәлік Кенжалиев пен облыстық соттың судьялары, ал бақылаушылар қатарына Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің, «Азаматтық альянс» қоғамдық бірлестігі мен «Ұлағатты өмір» қоғамдық қорының басшылары  және БАҚ өкілдері кірді.

Үміткерлер ресми іс қағаздары мен сот актілерін аударып, рөлдік ойын арқылы көрсетілген қойылым арқылы аудармашының рөлдерін сомдады.

Конкурстың қорытындысы бойынша Маңғыстау облыстық сотының ұйымдастыру және талдау бөлімінің бас маманы Әсем Жұмажанова, Түпқараған аудандық сотының бас маманы Данагүл Базарбаева мен Бейнеу аудандық сотының бас маманы Жасұлан Досмұханбетов ең үздік деп танылды.

Қорытындылай келе, «Ұлағатты өмір» қоғамдық қорының директоры Еркеш Нарымбаева сот жүйесіндегі терминдердің қиындығына қарамастан, бақ сынасқан үміткерлер жоғары деңгейде шеберлік танытқандарын атап айтты.

Іс-шара соңында қазылар алқасы жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен  сыйлықтар табыс етті.

 

Алматы облыстық сотында «Сот жүйесінің үздік аудармашысы» облыстық конкурсы өтті.

Облыстық деңгейдегі конкурсқа аудандық және оған теңестірілген соттарда штаттық негізде жұмыс істейтін, күнделікті қызметінде мемлекеттік және орыс тілдерін еркін қолдана білетін, аударма жұмысына машықтанған 29 аудандық және оған теңестірілген соттарынан 26 сот кеңсе мамандары қатысты.

Облыстық деңгейдегі конкурсты азаматтық істер жөніндегі сот алқа төрағасы Қ.Досымбет ашты.

Сот жүйесіндегі іс қағаздары мен іс жүргізу құжаттарын сауатты аудара білетін аудармашылар корпусын қалыптастыру мақсатында өткізілген конкурс 3 кезең бойынша өтті: іс қағаздарын аудару, сот ісіне қатысты құжаттарды аудару және сот отырысын сипаттайтын диалогты кезегімен аудару.

Қатысушылар сайыс шарттарына сәйкес өз білімдерін ортаға салып, күш сынасты. Нәтижесінде Еңбекшіқазақ аудандық сотының кеңсе маманы - Мақпал Оскенбаевна Букенова бірінші орынды иеленіп, Астана қаласында өтетін республикалық конкурсқа жолдама алды.

Конкурс соңында жеңімпаздар алғыс хатпен марапатталды.

 

Батыс Қазақстан облыстық сотында «Сот жүйесінің үздік аудармашысы» атты сайыс өтті.

Конкурстық комиссия құрамында Батыс Қазақстан облыстық сотының судьялары  Ниязбек  Ділдәбеков, Ләззат Ұстағалиева, Әлібек Ахметов, Батыс Қазақстан облысы бойынша Соттар әкімшісі басшысының орынбасары Шынар Тұнғатарова және облыстық соттың кеңсе меңгерушісі Эльвира Темірниязова болды.

Байқауға аудандық және оған теңестірілген соттардың 10 маманы қатысты. Үш кезеңнен тұрған сайыста мамандар қызметтік және ресми хаттарды, сот актілері мен сот отырысы барысындағы диалогтарды аударды.

Конкурс нәтижесі бойынша Бөкейорда аудандық соты кеңсесінің бас маманы Асхат Аманов, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының кеңсе меңгерушісі Руслан Демеуов және облыстық соттың бас маманы Әсел Жұмашева үздік аудармашы деп саналды.

 

Ақтөбе облыстық соты «Сот жүйесінің үздік аудармашысы» республикалық байқаудың облыстық кезеңін өткізді.

Байқауға өңір соттарының мамандары қатысты.

Байқаудың комиссия құрамында Ақтөбе облыстық сотының судьялары мен «Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы» ММ жанындағы «Тілдерді оқыту орталығы» МКҚК-нің мемлекеттік тіл оқытушылары болды.

Үш турдан тұратын байқауда мамандар ресми хаттарды, сот актілерін аударып диалогтарды аударуда сайысқа түсті.

Байқау нәтижесі бойынша Ақтөбе облыстық сотының бас маманы Құралай Қалбекова, Шалқар аудандық сотының бас маманы Ақмарал Нұрұдин, Байғанин аудандық сотының бас маманы Нұрлыбек Қадыров үздік аудармашы атанды. Оларға алғыс хаттар және естелік сыйлықтар табысталды.

 

Павлодар облыстық соты «Сот жүйесінің үздік аудармашысы» атты конкурс өткізді.

Конкурсқа қатысушыларды облыстық соттың судьясы Бахтияр Насирдинов, Судьялар одағының Павлодар облыстық филиалының төрағасы Нұролла Есенжолов, «Ана тілі» облыстық орталығының директоры Шолпан Кінжікова, мемлекеттік тілді дамыту бойынша облыстық соттың бас маманы Әсемгүл Ағыбаева бағалады.

Қатысушылар үш кезең бойы сынға түсті: мемлекеттік және жеке заң ұйымдарға жіберілетін қызметтік, ресми хаттарды аудару; сот актілерін аудару; сот отырысындағы ілеспе аударма.  

Өткізілген конкурс нәтижелері бойынша Май аудандық сотының бас маманы Мейрамгүл Білтаева, Баянауыл аудандық сотының бас маманы-сот отырысының хатшысы Жансұлу Диманова, Қашыр аудандық сотының аға сот приставы Тұрсынбек Сүлейменов пен Павлодар қалалық сотының бас маман-сот отырысының хатшысы Ләззат Истаева ең үздік аудармашы атанды.

 

Солтүстік Қазақстан облыстық соты сот жүйесінің үздік аудармашысын анықтады.

Конкурсқа аудандық және оған теңестірілген соттардың мамандары қатысты.

Конкурс үш кезеңді қамтыды: қызметтік және сот құжаттарын аудару, диалогты ауызша аудару.

Нәтижесінде Айыртау аудандық сотының маманы Самал Алдаңғарова, Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың маманы Зейнегүл Әсембаева және Қызылжар аудандық сотының маманы Оралхан Қаржау үздік аудармашы деп танылды.

 

Атырау облыстық сотында «Сот жүйесінің үздік аудармашысы» байқауының облыстық туры өтті.

Байқауға қатысуға аймақ соттарының алты қызметкері ниет білдірді. Ереже бойынша байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші және екінші кезеңде қатысушылар хаттар мен сот актілерін аударса, үшінші кезеңде алдыңғы екі кезеңде үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар сот отырысы хаттамаларынан үзінділерді қазақ тілінен орыс тіліне және керісінше аударды.

Барлық кезеңдер құрамында азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Манат Комиршинов, облыстық сот судьялары Гүлнар Қарабалина және Бағила Нұржанова, Соттар әкімшісі басшысының орынбасары Бибігүл Жолдаспаева, Судьялар Одағы филиалының мүшесі Зарема Хамидуллина және тілдерді дамыту Департаментінің филолог маманы Ляззат Есеналиева бар комиссияның жіті қадағалауымен өтті.

  Сөз алған М.Комиршинов байқаудың сот жүйесінде құжаттамаларды сауатты аударып, іс қағаздарын жүргізе алатын аудармашылар корпусын қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. «Білім беру бағдарламаларын алға қарай дамыту мақсатымен тілдерді оқытудың озық әдістемелері мен сөйлесуді еркін меңгерген тиісті тілдік ортаны қалыптастыру маңызды» - деді ол.

Байқау комиссиясының шешімі бойынша үздік аудармашылар деп  Соттар әкімшісінің талдау және жоспарлау бөлімінің бас маманы Айгерім Ахметова, облыстық соттың баспасөз қызметінің маманы Мирас Ғабдолхаев, Индер аудандық сотының сот приставы Гүлфара Егізбаева және Атырау қалалық сотының бас маманы Шынар Масатова танылды. Олар диплом және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Қайнар: 
жергілікті соттардың баспасөз қызметкерлері