Өскеменде республика бойынша алғаш рет виртуалды медиация кабинеті ұсынылды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыPDFPDF

Аталған іс-шараға судьялар, облыс әкімдігінің өкілдері, кәсіби медиаторлар және кәсіби медиаторлар қауымдастығының мүшелері қатысты.

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі аппаратының қоғамдық келісім орталығы - Достық үйінің  директоры Эльдар Төлеубаев іс-шараны аша келе: «Бұл - виртуалды кабинет Қазақстан бойынша теңдесі жоқ алғашқы жоба. Оның артықшылығы даулы мәселелерге тап болған адам өзіне ыңғайлы жерде компьютер немесе қалта телефоны арқылы кәсіби медиаторлармен байланысқа шыға алады», - деді.

Облыстық соттың судьясы Елдос Жұмақсанов өз сөзінде аталған жоба - Мемлекет басшысының Жолдауының төртінші бағытын, яғни «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру аясында енгізілгендігін атап өтті. Жоба  келешекте  медиацияны дамытуға  зор ықпал ететіндігіне  тоқталды.

Е.Жұмақсанов «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігі мен сандық экожүйені дамыту арқылы халықтың  өмір сүру деңгейін арттыру екендігін атап өтті.

Ағымдағы жылғы 20 сәуірден бастап өз қызметін бастайтын «Виртуалды медиация» кабинеті Өскемендегі Достық үйінің сайтында орналасқан. Өңір тұрғындары аталған сайтқа тіркелу арқылы медиаторларға жүгіне алады.  

Іс-шараға  қатысушылар кездесу барысында аталған жобаны жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсынымдары мен пікірлер білдірді.

Қайнар: 
Шығыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі
Пікірлер мен ұсыныстар