Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Т.Баратбеков Созақ және Бәйдібек аудандарының тұрғындарымен кездесті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Облыстық соттың төрағасы Талғат Баратбеков жұмыс сапары барысында Созақ ауданының тұрғындарымен, Бәйдібек ауданының әкімімен және активімен кездесті.

Іс-шараларға аудандардың әкімдері Салыхан Полатов және Бақытбек Танагөзов, ОҚО бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Орынбасар Лештаев, Созақ аудандық сотының төрағасы Нұрғазы Шетенов, мәслихат депутаттары, прокурорлар мен мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, жеке сот орындаушылары, медиаторлар, адвокаттар, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.

Кездесу барысында облыстық соттың төрағасы қатысушыларға Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын түсіндіріп өтті. Талғат Қожанұлы Жоғарғы Сотта «Рухани жаңғыру – мәңгілік ел болудың кепілі» тақырыбында өткен «дөңгелек үстелдің» қарары бойынша іс-шараларды қазіргі таңда облыс соттары іске асыруды бастап кеткенін атап көрсетті.

Кездесу аясында Созақ ауданының әкімшілігінде медиация кабинетінің салтанатты түрде ашылу рәсімі болды. Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар Сұлтанбек Қожанов атындағы мұражайда болып, археологиялық жәдігерлерді, тарихи этнографиялық бұйымдарды, зергерлік заттарды, өңірдің қолөнер шеберлері мен фотографтардың туындыларын тамашалады. Т.Баратбеков мұражайға академик С.Зимановтың «Қазақтың ата заңдары» атты 10 томдық кітабын сыйға тартты. 

Осы күні О.Лештаев пен мұражай директоры Н.Дүйсенбек мәдени және құқықтық сауаттылық бойыша өзара ынтымақтастықты арттыруға бағытталған өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Облыстық соттың төрағасы аудандық соттарда болып, соттардың материалдық-техникалық жабдықталуымен, кеңселердің жұмысымен танысты және сот мәжілісі залдарын аралап көрді.

Судьялар мен сот қызметкерлерінің алдында сөйлеген сөзінде Т.Баратбеков сот жүйесінің жетістіктеріне тоқталып, судьяларға сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыру және Судьялық әдеп кодексінің нормаларын сақтау бойынша нақты тапсырмалар берді.

Қайнар: 
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі