Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында жаңа төраға таныстырылды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында өңір соттарының 2017 жылғы 5 айдағы сот төрелігін жүзеге асыру қорытындысы шығарылды.

Іс-шараға Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, облыс прокуроры Ибраһим Иманов, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бастығы Ғизат Нұрдәулетов, Ішкі істер департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов, сот жүйесінің ардагерлері, өңірдегі соттардың төрағалары мен судьялары, сондай-ақ Соттар әкімшілігінің басшысы қатысты. 

Кеңес жұмысын аша келе, Жоғарғы Сот Төрағасы Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының жаңа төрағасы қызметіне тағайындалған, бұған дейін Жоғарғы Соттың судьясы лауазымын атқарған Баратбеков Талғат Қожанұлын таныстырды.  

«Талғат Қожанұлы барлығыңызға жақсы таныс. Оның жұмыс тәжірибесі жеткілікті. Әділет және прокуратура органдарында жұмыс істеген. Судьялық қызметтің барлық сатыларынан өткен», - деді Қ.Мәми.

Бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық соты төрағасы лауазымын атқарған Нұрсерік Шәріпов Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы қызметіне тағайындалды.

Жоғарғы Сот Төрағасы жаңадан тағайындалған аудандық соттардың төрағаларын да таныстырды: осыған дейін Түлкібас аудандық сотының судьясы болып қызмет атқарған Ермек Қарақұлов – Бәйдібек аудандық сотына, Отырар аудандық сотының судьясы қызметін атқарған Әкімбек Жанасов – осы аудандық сотқа, Қазығұрт аудандық сотының төрағасы қызметін атқарған Қанатбек Қоңырбаев – мамандандырылған ауданаралық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сотқа төраға болып тағайындалды. Қ.Мәми аталған кадрлық өзгерістер облыстық және аудандық соттар төрағаларының құзырет мерзімдерінің аяқталуымен байланысты екендігін атап өтті.  

Кеңес шеңберінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев сөз сөйледі. Бұдан әрі облыс соттарының 2017 жылғы 5 айдағы сот төрелігін жүзеге асыру қорытындысы шығарылды. Облыстық соттың алқа төрағалары Түгел Бекімбетов пен Зиядинхан Пірнияз баяндама жасады. Судялық әдеп жөніндегі комиссияның қызметі туралы оның төрағасы, судья Мұхтар Пәрменов мәлімдеді.   

Жоғарғы Сот Төрағасы кеңес жұмысын қорытындылай келе, үш сатылы сот жүйесі жағдайындағы соттар жұмысының нәтижесі туралы айтты. Атап айтқанда, жеңілдетілген және қысқартылған сот ісін жүргізу тәртібінде, сондай-ақ дауды шешудің баламалы тәсілдері мен медиация арқылы қаралған істердің саны артты.

Кеңес соңында жоғары сот органының төрағасы Оңтүстік Қазақстан облысы судьялары корпусының алдына сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсарту және судьялардың біліктігін арттыру бойынша бірқатар міндеттер жүктеді. Ол тұрғындармен жұмысты күшейту, сот практикасын талдауды жақсарту, соттардың ақпараттық ашықтығын арттыру, сондай-ақ, соттардағы электронды технологияларды одан әрі дамыту қажеттігіне айрықша назар аударды.  

Талғат Қожанұлы Баратбеков 1973 жылы дүниеге келген.

1998 жылы Талдықорған заң институтын «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.

1994-1995 жылдары – Төле би халық сотының сот орындаушысы.

1995-1999 жылдары – Оңтүстік Қазақстан облысы Әділет департаментінің жетекші маманы, бас маманы, бөлім бастығы.  

1999-2000 жылдары – Алматы қаласы Әділет басқармасының бөлім бастығы.

2000-2002 жылдары – Алматы облысы Әділет басқармасы бастығының орынбасары.  

2002-2005 жылдары – Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы.

2005-2009 жылдары – Абай аудандық сотының, Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы.

2009-2011 жылдары – Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының басқарма бастығы, Департамент бастығының орынбасары.

 2011-2014 жылдары – Астана қаласы прокурорының орынбасары.

 2014-2016 жылдары – Алматы облыстық сотының сот алқасының төрағасы.

 2016 жылдан бастап қазіргі күнге дейін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы қызметін атқарды. 

Қайнар: 
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі