Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында көші-қон заңнамасын бұзу туралы әкімшілік істер бойынша сот тәжірибесіндегі мәселелер мен жаза қолданудың ерекшеліктері талқыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында «Көші-қон заңнамасын бұзу туралы әкімшілік істер бойынша сот тәжірибесіндегі мәселелер мен жаза қолданудың ерекшеліктері» тақырыбында «дөңгелек үстел»  ұйымдастырылып, өткізілді.

Іс-шараға облыстық соттың судьялары, Шымкент қаласы және Сарыағаш ауданының мамандандырылған әкімшілік, Сайрам, Төлеби, Қазығұрт аудандық соттарының төрағалары мен судьялары, облыстық прокуратураның, ОҚО ІІД көші қон полиция қызметінің, Шымкент қаласының жергілікті полиция қызметінің өкілдері мен учаскелік полиция инспекторлары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жиында ашқан облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы Т.Бекімбетов аталған «дөңгелек үстелді» өткізудегі негізгі мақсат ‒ халықтың көші-қон саласындағы заңнаманы бұзуына қатысты әкімшілік істерді қарау барысында жаза қолдану практикасын бір жүйеге келтіру мен осындай істерді қарау ерекшеліктерін талқылау болып табылатынын атап өтті.

 Іс-шара барысында облыстық соттың судьясы Гүлмира Қыдырбаева «дөңгелек үстелдің» негізгі тақырыбы бойынша баяндама жасады. Баяндамадан кейін қатысушылар хаттаманы толтыру кезінде туындайтын өзекті мәселелерді талқылап, олардың нәтижесі бойынша мемлекеттік органдардың өкілдеріне жұмыс барысында қолану үшін ұсыныстар берілді.

Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Гүлиза Мамырова осы санаттағы істер бойынша статистикалық мәліметтер келтіріп, проблемалық сұрақтар бойынша нақты мысалдар келтірді.

Мемлекеттік органдардың өкілдері де өз баяндамаларында талқыланып отырған мәселелер бойынша пікірлерін білдірді. Облыстық прокуратураның басқарма басшысы Нұрлан Ерманов осы санаттағы істер бойынша қадағалау жүргізу мәселелері туралы айтты.

Көші қон полиция бөлімінің аға инспекторы Бегзат Әбдікерімов құқық бұзушылықтың талқыланып отырған санаты бойынша іс қозғау мәселелеріне тоқталды.

Т.Бекімбетов жиында қорытындылай келе, іс-шараға қатысушыларға жұмыста жетістіктер тілей отырып, талқыланып отырған тақырыптың осы санаттағы әкімшілік істерді қарау бойынша бірізді сот тәжірибесін қалыптастыруда маңызы зор екенін атап өтті. 

Қайнар: 
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі