Омбудсмен институты-дауларды соттан тыс реттеудің баламасы

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Елордада «Омбудсмен институты – дауларды соттан тыс реттеудегі балама ретінде» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.

Іс-шараны ҚР Жоғарғы Соты Нұр-Сұлтан қ. сотымен бірлесе отырып ұйымдастырды.

Оған Жоғарғы Соттың судьялары Ұлбосын Сүлейменова, Талғат Ибрашев және Асан Ескендіров, қала судьялары, адам және бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің, мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП палатасының өкілдері, сақтандыру компаниялары мен банктердің, сақтандыру, банк омбудсмендері, бизнес-омбудсмендер, медиаторлар қатысты.

Іс-шара дауларды соттан тыс реттеудегі балама ретінде омбудсмен қызметін танымал етуге және дамытуға бағытталған.

Ұ. Сүлейменова омбудсмен институтын мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы қатынастарда медиатор қызметін атқаратын елдің саяси-құқықтық жүйесінің ажырамас бөлігі деп атады.

Астаналық соттың апелляциялық сот алқасының төрағасы Қуанышбай Әлжіков адам құқықтарын қорғауға, заңнаманы және құқық қолдану практикасын дамытуды қамтамасыз етуге, ағартушылық бағдарламаларды әзірлеуге және енгізуге бағытталған осы институттың маңыздылығын атап өтті. «Бұл институттарды дамыту мемлекеттік құқықтық саясат бағыттарының бірі болып табылады және біз барлығымыз - сот жүйесінің, прокуратураның, адвокатураның өкілдері, медиаторлар мен омбудсмендер оны табысты іске асыру әрекет етуіміз керек», - деді Қ.Әлжіков.

«Дөңгелек үстел» барысында азаматтардың әділ сот талқылауына құқығын іске асыру туралы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі Ажар Сүлейменова, сақтандыру және қаржы даулары бойынша сот тәжірибесі туралы - Жоғарғы Соттың судьялары Талғат Ибрашев пен Асан Ескендіров сөз сөйледі. Омбудсмен институты туралы дауларды соттан тыс реттеудегі балама ретінде-банк және сақтандыру омбудсмендері Андрей Копов пен Ерсерік Сийрбаев айтып берді. Олар дауларды сотқа дейін реттеу институтының дамуын қолдап, оның жеңілдетілген тәртібі мен құпиялылығы, дауды қараудың жеделдігі, тараптардың дауды реттеуге байланысты шығыстарының іс жүзінде болмауы сияқты артықшылықтарын атап өтті.

Кездесуге қатысушылар омбудсмендердің қызметін жандандыру даулы жағдайларды соттан тыс шешудің мемлекеттік емес институттарын тиімді дамытуға әкеледі деген пікірге келді. Бұл ретте жариялылық, объективтілік және бейтараптылық омбудсмен жұмысының өзекті қағидаттары деп атап өтілді.

Қорытынды пікірталас шеңберінде уәкілдік берілген Омбудсмен мекемесінің құқық қорғау қызметінің барлық спектрі бойынша жан-жақты пікір алмасу өтті және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын сотқа дейінгі қорғау бойынша ұсынымдар қабылданды. 

Қайнар: 
Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі