Облыстық соттар төрағалары ЖОО-да дәріс оқыды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Н.Шәріпов құқықтық сауаттылық айлығының аясында Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінде дәріс оқыды.

Дәріске жоғары оқу орындарының студенттермен бірге профессорлық-оқытушылық құрамы және БАҚ өкілдері, барлығы 200-ден астам адам қатысты.

Кездесуді ЖОО-ның президенті Жарылқасын Оңалбек ашып, 2016 жылғы 26 ақпанда қол қойылған меморандумның шеңберінде университет пен облыстық сот арасында көптеген мәселелер бойынша жоғары деңгейдегі ынтымақтастық қалыптасқанын айтып, ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен кездесулер, тағы басқа да іс-шаралар өткізілгенін атап өтті. Сонымен қатар, ол облыстық соттың бастамасымен құқықтық сауаттылық айлығының өтіп жатқанын да жеткізді.

Оның аясында университетте облыстық сот судьяларының қатысуымен «Болашақ заңгердің жаңа моделі» атты «дөңгелек үстел» мәжілісі, облыстық сотта 100 студенттің қатысуымен «Ашық есік күні» өткізілгенін жеткізді.        

Н.Шәріпов қатысушыларды Ұлт жоспары аясында сот жүйесін реформалаудың негізгі шараларымен таныстырып, құқық үстемдігі мен сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа Азаматтық процестік кодекс пен Қылмыстық-процестік кодекске енгізілген жаңа нормаларына ерекше назар аударды.

«Бұл заңдарда бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот жүйесіне көшу нақтыланып, іс жүргізу рәсімдерін оңтайландыру көзделген және іске қатысушы тұлғаларды татуластырдың баламалы тәсілдерін кеңінен қолдану қарастырылған», ‒ деді төраға.

Сонымен қатар, лектор судьялыққа кандидаттарды іріктеу жүйесінің жетілдірілгені, қызмет етіп жатқан судьяларға қойылатын талаптың күшейтілгені және Сот төрелігі академиясы мен Сот жюриі, Жоғары Сот кеңесінің жұмыстары туралы айтып, судьялардың VII съезінде қабылданған Судьялық әдеп кодексінің негізгі тұстарына тоқталды.

Дәріс интерактивті форматта өтіп, Ұлт жоспарының іске асырылу барысы мен қазіргі кездегі сот төрелігін жүзеге асырылуы көрнекі түрде таныстырылды және «Қазақстандағы сот реформасы: кеше, бүгін, ертең» атты бейфильм көрсетілді.

Электронды сот ісін жүргізу мәселелеріне тоқталған Н.Шәріпов «Төрелік» ақпараттық жүйесі жөнінде айтып, 1,3 миллионнан астам адамның «Сот кабинетінің» сервисін қолданғанын және өткен жылдың қорытындысы бойынша талап-арыздардың 80%-дан астамы электронды түрде түскенін атап өтті.

Өз сөзінде төраға қоғамдық сананы жаңғыртудың өзекті мәселелері қозғалған Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының негізгі идеялары мен маңыздылығын атап өтті.

Сөзін қорыта келе, төраға студенттер мен магистранттарға оқуда жетістіктер тілеп, оларды сот жүйесінің қызметкерлері қатарынан көруге үмітті екенін білдірді. Осыдан кейін Н.Шәріпов оқытушылар мен студенттердің сұрақтарына жауап берді.

Дәріс аяқталған соң Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы университеттің материалдық-оқыту базасымен танысып, арнайы жабдықталған сот отырысы залы мен криминалистика кабинетінде болды.

Облыстық сот төрағасының осындай дәрістері Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Жетісай қаласындағы «Сырдария» университетінде жоспарланған.

 

Құқықтық сауаттылық айлығы аясында  Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Ерлан Айтжанов пен Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Серік Өмірбаев өзара ынтымақтастық жайлы меморандумға қол қойды.

 Іс-шара барысында Е.Айтжанов пен С.Өмірбаев меморандумға қол қою облыс соттары мен жоғары оқу орны арасындағы байланысты нығайтуға септігін тигізетін өте маңызды қадам екендігі атап айтты. Құжатты іске асыру аясында тараптар университеттің студенттері мен магистранттарының соттарда тәжірибеден өтуін,  бірлескен ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен «дөңгелек үстелдер» өткізуін көздейді.

Бұдан әрі облыстық соттың төрағасы университеттің заңтану мамандығы оқытушылары мен студенттері үшін дәріс оқыды.

Е.Айтжанов өзінің баяндамасында Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы негізгі тұжырымдарына тоқталды.

Облыстық соттың төрағасы сот жүйесінің қазіргі кезеңдегі дамуы жайлы айтып, Ұлт Жоспарының заң үстемдігін қамтамасыз ету бөлігін іске асыру шараларына толығырақ тоқталып өтті.  

Тыңдаушылар назарына «Сот жүйесі: кеше, бүгін, ертең» атты деректі фильм ұсынылды.

 

Елордада Астана қалалық сотының төрағасы Тілектес Бәрпібаев Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде дәріс оқыды.

Іс-шараға оқытушылар құрамы, Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясының магистранттары, құқық қорғау органдарының өкілдері, студенттер қатысты. 

Дәріс барысында сот төрағасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының іске асырылуы туралы  және сот жүйесіне екінші институционалдық реформа – заңның үстемдік құруы аясында қысқа мерзімде іске асырылған 11 мақсатты қадам бекітілгенін атап өтті.  

«2016 жыл Қазақстанның сот жүйесі дамуының жаңа кезеңінің бастамасы болды. Ұлт жоспарын тәжірибе жүзінде іске асыру қамтамасыз етілді. Республика судьяларының VII съезі өткізілді,  онда сот жүйесінің болашақтағы даму басымдықтары айқындалды», - деді Тілектес Бәрпібаев. 

Сот төрағасы дәріс тыңдаушыларға судья лауазымына кандидаттарды іріктеудің біліктілік талаптары мен тетіктерінің қатаңданғанын, Сот төрелігі академиясы құрылғандығын, судьялардың VII съезінде жаңа Судъялар әдебінің кодексі қабылданғанын  атап өтті.  Т.Бәрпібаев сот отырыстарында аудио-бейнетіркеу жүйесінің енгізілгенін, елордалық барлық сот отырысы  залдарының заманауи аудио-бейнетіркеу жүйесімен қамтылғанын хабардар етті. Дәріс барысында әділқазылар алқасы сотын қолдану саласын кеңейту туралы, соттарда айыптау мен қорғау арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету туралы, прокурорлардың сотта азаматтық-құқықтық даулар бойынша қатысуын қысқарту туралы, инвестициялық даулар бойынша сот ісін жүргізуді құру туралы мәселелер көтерілді. 

Сот жүйесінде заманауи техникаларды енгізу және қолдану сот ісін жүргізуді жеңілдетеді, бюрократиялық кедергілерді жояды, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді, азаматтардың уақыты мен қаражатын үнемдейді, ел тұрғындары үшін сот жүйесінің  барынша айқындығы мен қолжетімділігіне мүмкіндік беретіндігі айтылды.

Сонымен қатар, дәріс аясында сот төрағасы дәрісті Астана қаласы сотының, аудандық және оларға теңестірілген соттардың сот төрелігі бойынша ағымдағы қызметімен таныстырды, қойылған сұрақтарға толық жауап берді.

Кездесу соңында қатысушыларға Қазақстандағы сот реформасы және сот ісін жүргізуде енгізілген жаңа технологиялар туралы деректі фильм көрсетілді.

 

Құқықтық сауаттылық айлығын өткізу шеңберінде  Павлодар облыстық сотының төрағасы Мұхтар Смағұлов Павлодар қаласының Инновациялық Еуразиялық Университеті заң факультетінің профессор-оқытушылары мен студенттері үшін дәріс оқыды.

Іс-шарада екі жүздей тындамандар жиналды.

М.Смағұлов өзінің дәріс оқу барысында соңғы жылдары Ұлт жоспарының заң үстемдігін қамтамасыз етуді орындау мақсатында сот жүйесін реформалау бойынша барлық міндеттер жүзеге асырылғанын белгілеп өтіп, сот ісін жүргізу мен іс жүргізудегі барлық жаңалықтарды атап өтті: сот төрелігін жүзеге асырудағы үш сатылы жүйесіне көшу, инвестициялық даулар бойынша мамандандырылған сот алқасын құру, ІТ- технологиясы мен т.б. енгізу.

М.Смағұлов «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» Нұрсұлтан Назарбаевтың бағдарламалық мақаласына жастардың назарын аудара отырып, шет тілдерін оқуға, «мәдени ашық» болуға,  үздіксіз жаңа білім алуға ашық, сана мен ойдың жаңа моделін құру туралы Ел басының тезисін белгілеп өтті, осының бәрі қазақ ұлтының бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз етеді.

Азаматтық істер бойынша сот алқасының төрағасы А.Күзеков Азаматтық процестік кодексінің жаңалықтарына назар аударды. Өзінің сөз сөйлеуінде А.Күзеков қолданыстағы АПК судьялардың жұмысын айтарлықтай жеңілдеткенін белгілеп өтті: істі сот талқылауына дайындық кезеңі жақсартылды, сот бұйрығын шығару үшін талаптар тізімі кеңейтілді, қайшылықты шешу бойынша тиімді шаралар дамыды.

Облыстық соттың судьясы Б.Тиштыбаев қылмыстық заңнамаға тиген өзгерістерге тоқталып кетті. Қатысушыларды судьялыққа үміткерлерді іріктеудің жаңа жүйесімен, Судья әдебінің жаңа кодексінің негізгі ережелерімен таныстырып өтті. 

Кездесу барысында болашақ заңгерлер судьялардан өздерін қызықтырған барлық сұрақтарына жауаптар алды.

Облыстық соттың төрағасы дәрістің аяғында студенттерге үздік оқу, өз ісінде жоғары білікті маман болуды тілеп, алдағы уақытта жоғарғы оқу орын мен сот арасында ынтымақтастықты әрі қарай жалғасуына үміт артты.  

Кездесу «Сот реформасы: кеше, бүгін, ертен» филімін бірлесе  қараумен аяқталды.

 

Атырау облыстық сотының төрағасы Марғұлан Бектұрғанов Бектұрғанов Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті студенттерімен кездесу өткізді.

Шараға Атырау облыстық сотының судьялар Раиса Аққұлова және Жұлдыз Мадьярова қатысты.

Кездесу барысында М.Бектұрғанов университет пен судьялар корпусының тығыз байланысын айтып, бұл жұмысты оқу орындарында құқықтық сауаттылық айлығы шеңберінде жалғастыру қажеттілігін атап өтті. Ол Елбасының «Қазақстан-2050» бағдарламасына нақтырақ тоқталып, Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіріп өтіп, соның ішінде, адами капиталдың дамуына, сот жүйесіндегі реформалардың негізгі қорытындыларына ерекше мән беріп өтті.

Сот жүйесінің басқа да жетістіктері туралы облыстық соттың судьялары Р.Аққұлова мен Ж.Мадьярова айтып, студенттермен әңгімелесуде оларды азаматтық және қылмыстық заңдылықтарға енгізілген өзгертулермен, соттарда жаңа инновациялық технологияларды қолданумен, судья лауазымына кандидаттарға, қызметтегі судьяларға, отставкадағы судьяларға қойылатын  жаңа талаптармен таныстырды. Олар өздерінің қалай судья болғандарын, судья қызметінің ерекшеліктері туралы айтып беріп, сот тәжірибесінің қызықты кезеңдерімен бөлісті.

Шара соңында болашақ заңгерлер дәріскерлерге өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, оларға жауап алды.

 

Маңғыстау облыстық сотының бастамасымен Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде судьялар мен оқытушылар құрамының және студенттердің қатысуымен «Зиманов оқулары» өтті.

Заң ғылымының докторы, профессор С.Зимановтың өмірі мен ғылыми шығармашылығына арналған жиында қатысушылар оның ғылым әлеміндегі айшықты орны туралы айтты. Сондай-ақ С.Зимановтың Қазақ мемлекеттігі мен қазақ тарихында шешуші рөл атқарған «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясының» жобасын дайындау жөніндегі комиссияны басқарғаны, «ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңның жобасын дайындау жөніндегі комиссияның жетекші мүшелерінің бірі болғаны да айтылды.

Салық Зиманұлының көзін көріп, дәрісін тыңдап, сұхбаттас болған Маңғыстау облыстық сотының судьясы Г.Бақытжанова, Г.Иманғалиева, Мұнайлы аудандық сотының төрағасы Б.Елемесовтер профессордың заң ғылымына қосқан үлесі туралы ғана емес, оның табиғаты, адамгершілік қасиеттері мен қабілеттері туралы әңгімеледі.

- Салық Зиманұлы қазақ халқының құқықтық жүйесін зерттеп, билер мен шешендердің билік өнерін бүгінгі ұрпаққа жеткізген ғалым. Қазақстан егемен ел болғаннан кейін де мемлекеттің Конституциясы мен қолданыстағы заңдарын қабылдау және жетілдіру мақсатында көп тер төкті. Республика Жоғарғы кеңесінің депутаты, Комитет төрағасы және Жоғарғы кеңес Төралқасының мүшесі бола жүріп, ел үшін аса маңызды заңдардың жүйелі жасалып, орнықты бекітілуіне ат салысты», - деді Г.Бақытжанова.

Келелі басқосуда академик С.Зимановтың мемлекеттік билікке кәсіби маман ретінде қатысып, заң шығарушылық қызметке үлес қосуы жеке зерттеуді талап ететіні айтылып, ғылым жолындағы студенттер мен оқытушыларға бағыт-бағдар ұсынылды.

 

Жамбыл облыстық сотының төрағасы Р.Алшынбаев М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік Университетінде дәріс оқу барысында профессор-оқытушылық құрам мен  студенттерге Ұлт Жоспары аясында сот жүйесінің реформаланғанын мәлімдеді.

Іс-шараға 300 адам қатысты.

Соттың төрағасы қатысушылардың назарын Азаматтық процестік кодекс пен Қылмыстық процестік кодекстің жаңа ережелеріне аударып, үш сатылы сот жүйесіне көшкендігін айтып, іс жүргізу рәсімдерінің оңтайландырылғанын, соттарда медиация тәсілдерінің қолданылуы жайында айтты.  Р.Алшынбаев судьялыққа кандидаттарды іріктеудің жаңа жүйесіне, қызмет етіп жатқан судьяларға қойылатын талаптың күшейтілгендігіне, сот төрелігі академиясының құрылуы, жаңадан қабылданған Судьялардың әдеп кодексіне, алқабилер сотының қолданылу аясын кеңейтуге, сотта айыптаушы мен қорғаушының арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге, азаматтық-құқықтық даулар бойынша соттарда прокурордың қатысуын қысқартуға, сонымен қатар инвестициялық даулар бойынша сот ісін жүргізуді құру жайында толық тоқталып өтті.

Р.Алшынбаев тыңдаушыларға сот жүйесіне енгізілген жаңа ақпараттық технологиялар жайында, сот отырыстарында аудио-бейнежазба құралдарының қолданылатынын, барлық сот отырысы залдарының аудио-бейнежазба құралдарымен қамтылғандығын хабарлады. Жаңа ақпараттық технологияларды қолдану сот ісін жеңілдетуге, уақыт пен қаржыны үнемдеуге мүмкіндік бергендігін, азаматтар мен заңды тұлғалардың сот жүйесіне қол жетімділігінің артуына мүмкіндік беретінін атап өтті.

Облыстық соттың төрағасы статистикалық мәліметтерге сүйене отырып,  сот реформаларының тәжірибеде жүзеге асырылу тиімділігін көрсетті.

Іс-шара «Қазақстанның сот реформасы: кешегі, бүгінгі, ертеңгісі» фильмінің көрсетілуімен жалғасын тапты.

Сот төрағасының дәрісі тыңдаушылар арасында қызығушылық туғызып, студенттер мен оқытушылардың көптеген сұрақтарына Р.Алшынбаев толыққанды кешенді жауаптар берді.

Іс-шара соңында Жамбыл облыстық сотының төрағасы Р.Алшынбаев  пен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік Университетінің ректоры М.Сарыбеков өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Р.Алшынбаев екі жақтың ынтымақтастыққа талпынысы көрініс тапқан, қол қойылған құжаттың аса маңыздылығын атап өтті. Құжаттың іске асырылуы аясында бірлесіп өткізілетін іс-шаралар мен семинарлардың студенттердің  мамандықтарын таңдауына өз септігін тигізіп, ғылыми-әдістемелік қолдау көрсету жоспарланған.

 

Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Бек Әметов және судьялар М.Өтемісұлы ат. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде "Ұлт Жоспарын іске асыру шеңберінде сот жүйесін реформалау" тақырыбында дәріс оқыды.

Шараға студентермен бірге ЖОО-ның профессорлық-оқытушылар құрамы және сонымен бірге, БАҚ өкілдері, барлығы үш жүзден астам адам қатысты.

Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Бек Аметов өткен жыл Қазақстанның сот жүйесінің дамуының жаңа кезеңінің бастауы болып, Ұлт Жоспары іс жүзінде қамтамасыз етіліп, сот жүйесіне қатысты барлық жаңашылдықтар елімізде заңнамалық деңгейде қарқынды жүзеге аса бастағанын хабарлады. Ол өз сөзінде елдің құқықтық алаңында болған түбегейлі өзгерістерге сәйкес, Президенттің мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу туралы тапсырмасына тоқталды. "Ұлт Жоспарының 17-қадамына сәйкес, Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, соған сәйкес судья лауазымына үміткерлердің еңбек өтілі мен жасына қойылатын талаптар өзгертілгенін хабарлады. Б.Әметов тыңдаушыларға Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының стратегиялық бағыттары жөнінде айтып, әрбір қазақстандық үшін мақаланың маңыздылығын атап өтті.

Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Бақытбек Бегалиев азаматтық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру тақырыбына тоқталды. Спикер Президент қол қойған жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексі сот істерін қарауды жеңілдететінін атап өтіп, процеске қатысушылардың бәсекелестік қағидатын күшейтудің негізгі жаңа енгізілімдері, жеңілдетілген өндірістің жаңа институтын енгізу және бұйрық өндірісі аясын кеңейтуді қолдану туралы хабарлады.

Батыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мирамбек Нағашыбаев өз кезегінде, қылмыстық заңнамадағы жаңа енгізілімдер туралы әңгімеледі. Ол құзыретіне қарау, тінту, жеке тінту және алуды санкциялау мәселелері енген, тергеу судьяларының институтын күшейту туралы айтты. Сонымен қатар, оларға қылмыстық теріс қылық және келісімдік өндіріс ұғымы кіреді.

Сонымен қатар, судьялар корпусының спикерлері қатысушыларды республика судьяларының VII съезінде қабылданған жаңа судьялық әдеп кодексімен таныстырып,  судьялыққа үміткерлерді іріктеудің жаңа жүйесі және жұмыс жасап жүрген судьяларға қойылатын талаптардың күшейттілгендігі туралы айтты.

Тыңдаушылар назарына «Сот жүйесі: кеше, бүгін, ертең» атты деректі фильм ұсынылды.

 

Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Мұратғали Әкетай Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ұжымы және студенттеріне дәріс оқыды.

Кездесу барысында облыстық сот төрағасы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының мазмұндылығын атап өтті.

М.Әкетай Ұлт Жоспарын іске асыру аясында сот жүйесінің өзгеруіне ерекше мән берді. Ол АПК және ҚПК, Судья әдебі кодексіне, оңайлатылған іс жүргізу, соттардың ашықтығы мен қолжетімділігін, сот қызметіне үміткерлерді іріктеу механизмі мен біліктілік талаптарының күшейтілуін атап өтті. Сонымен қатар Сот төрелігі академиясы мен облыстық соттар жанындағы Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестердің қызметі туралы да айтып өтті. М.Әкетай өткен жылы 4 сот отырысының хатшысы Сот төрелігі академиясына оқуға түсіп, қазіргі таңда оқуын табысты жалғастырып жатқанын атады.

Облыстық соттың төрағасы соттарда айыптаушы және қорғаушы арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге арналған тергеу судьяларының институты енгізілгенін, судьялардың 7 съезінде судьялардың мінез-құлық ережелерін белгілейтін жаңа нұсқадағы Судья әдебі кодексі қабылданғанын, сот жүйесінде заманауи ақпараттық технологиялардың енгізілгенін атап өтті. Ол «Сот кабинеті» сервисінің тиімді қызметін, аудиобейнетіркеу  қондырғыларын, бейнебайланыс қызметін ерекше атап өтті.

М.Әкетай Ақтөбе облыстық сотының ерекше назары дауларды шешудің баламалы әдістерін қолдану және бітімгершілік рәсімдерін кеңінен насихаттауға бағытталғанын атап өтті. Бұл бағытта тұрақты түрде жұмыс өткізіліп, оң нәтижелер орын алып жатыр. 2016 жылдың жұмыс қорытындысы бойынша медиация тәртібімен 1648 іс қысқартылып, талап қоюшыларға 104 млн. теңге, 2017 жылдың 1 тоқсанында 763 іс қаралып, 10 млн. теңге көлемінде баж салығы қайтарылды.

Іс-шара барысында «Сот реформасы: кеше, бүгін, ертең» атты фильм көрсетілді.

Мұратғали Әкетай іс шара барысында мазмұнды дәріс оқығаны үшін алғыстарын білдірген  оқытушылар мен студенттерге бірқатар сұрақтарына толыққанды жауап берді.

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі