Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жөнінде селекторлық кеңес өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметовтің, Жоғарғы Соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы Еліс Әбдіқадыровтің және Жоғарғы Сот судьяларының қатысуымен селекторлық кеңес өткізді.

Кеңес жұмысына бейнебайланыс арқылы жергілікті соттар судьялары мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалдарының басшылары қатысты. 

Судьялар мен кәсіпкерлер биылғы жылғы 14 тамызда Президент Н.Назарбаевтың Қ.Мәмиді қабылдауы барысында айтылған тапсырмаларды орындау мәселелерін талқылады. 

Кеңес жұмысын аша отырып Қ. Мәми  кездесу барысында Мемлекет басшысы шағын және орта бизнес субъектілері мен инвесторлардың құқықтарын қорғауда сот жүйесінің айрықша орын алатынын атап өткендігін айтты. Елбасы ауданаралық экономикалық соттардың жұмысын жетілдіруді, кәсіпкерлердің, соның ішінде, шетелдік және отандық инвесторлардың  дауларын шешу жөнінде отандық соттардың жұмыс сапасын арттыру туралы тапсырма берді.

Кәсіпкерлерге қарата айтқан сөзінде Жоғарғы Сот Төрағасы «Бүгінгі селекторлық кеңесті осы саладағы түйткілді мәселелерді талқылап, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шараларын пысықтау мақсатында Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен бірлесіп өткізуді жөн көрдік», – деді.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов кәсіпкерлердің соттармен өзара іс-қимылы және осы бағыттағы жұмысты күшейту мақсатында алға қойған жоспарлары туралы айтты.

Жоғарғы Соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы Еліс Әбдіқадыров мамандандырылған экономикалық соттардың жұмысы, кәсіпкерлердің, соның ішінде шетелдік инвесторлардың құқықтарын қорғау саласындағы істерді қарау барысында туындайтын мәселелер туралы баяндады.

Өткен жартыжылдықта қаралған азаматтық істердің басым бөлігі Алматы қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысының экономикалық соттарына тиесілі. Экономикалық дауларды қараудың ерекшеліктері туралы Алматы қалалық сотының төрағасы Ақжан Ештай және Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Мадияр Балкен айтып өтті.

Кеңесте Атырау облыстық сотының төрағасы Мұхтар Смағұлов та сөз сөйледі. Бұл өңірде мұнай-газ саласында жұмыс істейтін шетелдік компаниялардың басым бөлігі шоғырланған. М.Смағұлов мұндай компаниялардың қатысуымен қаралатын істер бойынша сот тәжірибесінің жай-күйі, туындайтын түйткілдер және оларды шешудің жолдарын айтты.

Талқылау барысында соттардың кәсіпкерлермен өзара қарым-қатынастарында белгілі-бір түйткілдердің бары және олардың бірқатары заңнаманың жетілмегендігімен байланысты екені атап өтілді. Мәселен, мемлекеттік органдардың іс-әрекетіне шағым түсірудегі құқықтық шаралардың тиімділігіне Әкімшілік іс жүргізу кодексінің болмауы өз әсерін тигізбей қоймайды.  

«Біздіңше, мұндай заңды қабылдайтын күн де алыс емес. Өздеріңізге мәлім, осы заңды әзірлеу Жоғарғы Сотқа тапсырылды. Қазіргі уақытта Әкімшілік іс жүргізу кодексінің тұжырымдамасы әзірленді, басқа да қажетті іс-шаралар қолға алынып, жергілікті соттарға тиісті тапсырмалар берілді. Еліміздің құқықтық кеңістігі үшін маңызды осы нормативтік актіні әзірлеу жұмысынан Ұлттық кәсіпкерлер палатасын қалыс қалмауға шақырамын» - деді Қ.Мәми.

Кеңес барысында аралық соттар құру мәселесі де талқыланды. Аралық соттардың заңнамалық, ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық базасын қалыптастыру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын Ұлттық палата басқа да мүдделі органдармен бірлесіп іске асыруда. Тиісті заң жобасы да әзірленуде.

Қ.Мәми бизнес өкілдерімен және шетелдік компанияның өкілі саналатын тараптармен азаматтық істерді қарау тәжірибесінің өзекті мәселелері бойынша сындарлы әңгіме өрбігеніне тоқталды. Атап айтқанда, Жоғарғы Сот Төрағасы: «Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті қорғау үшін айрықша назар аударып келеді. Осы ретте айқындаушы рөлді сот жүйесі атқарады. Сондықтан да соттардың негізгі міндеті – өңірлерде аталған санаттағы азаматтық істерді сапалы әрі уақытылы қарау, экономикалық соттар жұмысының тиімділігін арттыру», - деді.

Жалпы алғанда кеңеске қатысушылар Мемлекет басшысының кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған тапсырмаларын сапалы іске асыруды бірлескен жұмыстың нәтижесінде ғана қамтамасыз етуге болатындығын атап өтті.

Қайнар: 
Жоғары Сотынын баспасөз қызметі