Маңғыстау облысының соттарымен 2016 жылы медиация тәртібімен 107 қылмыстық, 536 азаматтық іс қаралып аяқталды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бұл туралы Ақтау қаласындағы Достық үйінің мәжіліс залында «Медиация – бітімгершілік пен татуластықтың жолы» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде Маңғыстау облыстық сотының судьясы Гүлажар Бақытжанова мәлімдеді. 

Г.Бақытжанова өз сөзінде сотқа келген тараптарға дауды бітімгершілікпен шешіп, медиация тәртібімен қысқартудың тиімділігін, оның құқықтық салдарының ұтымды тұстарын судьялар әрдайым түсіндіріп отыратынын айтты. 

Дөңгелек үстелге облыстың кәсіби медиаторлары, Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамлеясы хатшылығының қызметкерлері, облыстық әкімдік аппаратының қызметкерлері, ардагерлер, этномәдени бірлестік төрағалары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Шара барысында медиация заңының тәртіптері, бітімгершілікпен дауды шешудің тиімділігі,  қос тарапты бірдей қанағаттандыратын және дауласушылық деңгейін төмендететін тиімді әрі қолайлы институт жайы айтылды. Медиация тәртібімен істі қарауда тараптар даудың бейбіт түрде шешілуіне өздері ықпал етеді және істі қараудың уақытын, тәртібін тараптар өздері шешеді. Медиацияның сот өндірісінен айырмашылығы – мұнда «кінәлілер» мен «кінәсіздер» деген тараптар болмайды. Өйткені бұл құқық саласы қылмыс жасаушылар қатарын біріңғай бас бостандығынан айыру жолымен жазалауды емес, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды және қалпына келтіруді көздейді.

Сонымен қатар, дөңгелек үстел барысында медиаторлар медиация бойынша атқарылып жатырған жұмыстары туралы баяндады.

Шара соңында ел ақсақалдары осы тұрғыда өз ойларын, тәжірибелерін ортаға салып, өздерін толғандырып жүрген мәселелер бойынша судья-медиаторлардан тұщымды жауаптар ала алды.

Қайнар: 
Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі