Маңғыстау облысында сот дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім бекітілді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талапкер «МАЭК-Казатомпром» ЖШС жауапкер «ЖЭК-6 Актау» ЖШС-нен қарыз ақшаны және айыпақы сомаларын өндіру туралы талап арызбен жүгінді.

Талапкер өз талабында жауапкермен арадағы энергоресурстармен қамтамасыз ету туралы келісім шарт және 2016 жылғы 9 тамызда жасақталған жылу жүйелерін жуу туралы акті негізінде жылу жүйелерін есептегіш құралдарынсыз жуу үшін 232 шаршы метр ыстық судың жіберілгенін, сол үшін 93 807 теңге төлем есебін жолдағанын көрсеткен. Алайда, жылу жүйелері мен қазандықтарды тексеру барысында Ақтау қаласының 2 шағын ауданы №33 үй маңында жауапкердің су жүйесінің сужинақтағышын рұқсатсыз орнатқаны анықталып, соның нәтижесінде бақылаусыз ыстық су шығындалып, талапкерге материалдық шығын келген. Осыған орай, талапкер өз талап арызында жауапкерден 93 807 теңге көлемінде қарыз ақшаны, уақытылы төлем жүргізбегені үшін 789 теңге өсімақыны және 80 806 теңге келтірілген шығын сомасын, барлығы 175 402 теңгені өндіруді сұраған.

Сот талқылауы барысында тараптар дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келіп, оның талаптары бойынша талап қоюшы талаптан бас тартатыны, ал жауапкер талап қоюшыға 175 402 теңге берешекті 2017 жылғы 14 қыркүйекке дейін өтеуге міндеттенетіні көрсетілген.

Сот тараптармен жасалған дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім ҚР «Медиация туралы» Заңының 27-бабының талаптарына сай келетінін, заңға қайшы келмейтінін, екі тараптың мүддесінде жасалғанын және келісімнің талаптарын орындау үшінші тұлғаның мүдделеріне нұқсан келтірмейтінін ескеріп, медиативтік келісімді бекітті.

Тараптар бітімгершілікке келуіне байланысты талапкер төлеген мемлекеттік баж салығын оған қайтарылды.

Қайнар: 
Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі