Қызылордада VII судьялар съезінің қорытындысын талқылау мақсатында брифинг өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Қызылорда облыстық сотының мәжіліс залында ағымдағы жылдың 21 қарашасында Астана қаласында өткен республика судьяларының VII съезінің қорытындысын талқылау мақсатында брифинг өтті.

Шараға спикер ретінде облыстық соттың судьясы, баспасөз қызметін үйлестіруші  Артур Наримов, съезд делегаттары облыстық соттың судьясы Клара Қаниева, мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьялары Рысдәулет Шамшиев, Нұрлан Еламанов, Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Асхат Сабыров қатысты.

Брифинг барысында аталмыш съезде қабылданған судьялардың жаңа әдеп кодексі және оның негізгі принциптері туралы айтылды. Сонымен бірге, съезд қорытындысы бойынша республика судьяларының алдына қойылған тың міндеттер талқыға салынды.

Іс-шараны ашқан облыстық соттың судьясы, баспасөз қызметін үйлестіруші  Артур Наримов аталмыш съездің бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам-баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт Жоспарының 19 қадамын іс жүзінде орындау мақсатында өткізілгенін айтып өтті. Ал, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Асхат Сабыров судья әдебі кодексіне енгізілген негізгі өзгерістер мен жаңашылдықтарды таныстырды.

Облыстық соттың судьясы Клара Қаниева съезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев судьяларға жүктемені төмендету мәселесін көтеріп, билердің тәжірбиелерінен үлгі алуға шақырғанын тілге тиек етті. Әр съезд сайын Елбасы төрелік етудің ең басты мақсаты тараптарды табыстыру, татуластыру екенін айтып, бітімгершілікті дамыту жолын көрсетіп келетініне тоқталды. Осы бағытта халыққа құқықтық насихаттау жұмыстары жүргізілетінін айтып өтті.

Экономикалық соттың судьясы Рысдәулет Шамшиев өз сөзінде судьялар съездерінің нәтижесінде соттарға жаңа технологиялар енгізіліп, қолжетімділік артқанын, заңнамалар ізгілендіріліп, сот жүйесін жетілдіру бағытында Елбасы айқындап берген міндеттер шегінде сот-құқықтық реформалар толығымен іске асырылғанын жеткізді.

Жас судья Нұрлан Еламанов Елбасымен кездесудегі әсерімен бөлісті.

Шара соңында БАҚ өкілдері судьяларға жұмыстарына жаңа серпін тілеп, ұйымдастырылған брифингке алғыстарын білдірді.

Қайнар: 
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі