Қызылордада сот банктік несие жайлы шартті ішінара заңсыз деп таныды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қызылорда қалалық  сотына талап Б.-ның жауапкер Банкке несие шартын ішінара заңсыз деп тану, ұсталған ақша сомасын талапкердің пайдасына өндіру туралы талап қою арызын түсірді.

Б. өз талап қою арызында банкпен несие шартын жасасқанын, ай сайынғы мерзімде қарыз сомасын төлеп тұрғандығын көрсетті. Несие шартының 3.b тармағын, атап айтқанда, банктік қызмет көрсету үшін алынатын сомалар бөлігінің дұрыс емес екендігін айтып,  шартты ішінара заңсыз деп тануды және ұсталған соманы өндіруді сұрады.

Сот отырысында талапкер Б. мен жауапкер арасында банктік несие шарты жасалғаны, шарт негізінде талапкерге 717 732 теңге мөлшерінде 60 айға банктік несие берілгендігі және ай сайын банктік қызмет көрсету үшін 7 718 теңге төленгендігі анықталды. Осы күнге дейін банктің қызметі үшін 270 130 теңге төленген.

Несие шартында банктің несие беруге байланысты көрсететін қызметтері үшін алым мөлшерлемелері қарастырылмаған, яғни, талапкер банк көрсетпеген қызмет үшін төлем жасап келген.

Банктердің несие беру үшін көрсеткен қызметі үшін төлемдерді ай сайын несие алушыдан алып тұру әрекетін сот заңсыз деп тапты, себебі, банктің несие беру бойынша қызметі шартты рәсімдеумен және несие берумен  шектеледі. Осыған байланысты несие шартының 3.b тармағы, атап айтқанда, банктік қызмет көрсету үшін алынатын сомалар бөлігінде шарт заңсыз деп танылды.

Қайнар: 
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі