Қызылорда облысының судьялары мен сот орындаушылары сот актілерінің орындалу мәселелерін талқылады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қызылорда облыстық сотында «Сот актілері орындалуымен құнды» тақырыбында семинар өткізілді.

Іс-шараға облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әділхади Шығамбаев, облыстық соттың судьясы Молдабек Ахметов, өңірдегі Жеке сот орындаушылар палатасының басшысы Нұрымжан Саймов, мамандандырылған әкімшілік соттың төрағасы мен судьялары, қала прокурорының аға көмекшісі Рүстем Бақбергенов, Әділет департаменті басшысының орынбасары Жандос Әбсат, мемлекеттік және жеке сот орындаушылары қатысты.

Семинарды алқа төрағасы Ә.Шығамбаев ашып, талқыланатын мәселелер ауқымын атап өтті.

Облыстық соттың судьясы Молдабек Ахметов сот орындаушылар жіберетін заң бұзушылықтар мен басқа да орын алған кемшіліктерге тоқталып, өз меншігіне тіркелген жеке меншік автокөлікті басқарып, жол қозғалыс ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған тұлғалардың «мүлкі жоқ» деген ақпаратты заңсыз басшылыққа алып   қайтарылған сот шешімдері бойынша нақты мысалдар келтірді.

Іс-шара барысында прокурор Р.Бақбергенов сот орындаушылардың сот актілерін атқарушылық заң шеңберінде белгіленген мерзімдерде орындалуын қадағалау шаралары туралы айтты. Ол өз сөзінде ағымдағы жылдың бүгінгі күніне дейін қалалық прокуратура қадағалау өңірі бойынша сот орындаушылардың өндірісіндегі атқарушылық құжаттардың орындалуына 6 тексеру жүргізіп, заң бұзушылықтарды жою туралы 11 ұсыныс, 8 нұсқау, 16 наразылық енгізіліп, нәтижесінде 36 сот орындаушысы тәртіптік, 50-ге жуық борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын жеткізді.

Сот орындаушылар әкімшілік құқық бұзушылық істер бойынша орындауға жолданған сот актілерін кері қайтару негіздері бойынша   Н.Саимов баяндады.

Семинар шеңберінде атқару құжаттарын негізсіз қайтару, мемлекеттік және жеке сот орындаушылардың тарапынан атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тарту себептері талқыланып, нақты мәселелер шешімін тапты. 

Семинар қорытындысында әкімшілік құқық бұзушылық  істер бойынша шығарылған қаулылардың орындалу сапасын арттыру жөнінде сот орындаушыларға міндеттемелер жүктеліп, сот қаулыларын негізсіз орындаусыз қалдыру  және қайтару фактілерін болдырмау жөнінде талап қойылды.  

Қайнар: 
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі