Қызылорда облыстық сотына жаңа төраға тағайындалды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Қызылорда облыстық сотында өңір соттарының 2017 жылғы 5 айдағы сот төрелігін жүзеге асыру қорытындысы бойынша кеңейтілген кеңес өтті.

Кеңес жұмысына Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин, облыстық мәслихаттың хатшысы Мэльс Қосмамбетов, Қызылорда облысы әкімінің орынбасарлары Руслан Рүстемов пен Серік Шотаев, облыс прокуроры Халидолла Дәуешев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің бастығы Танат Жүнісов, Ішкі істер департаментінің бастығы Қайрат Мұхитов қатысты. Бұған қоса, іс-шараға Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті бастығының орынбасары Берікбол Байқожаев, Әділет департаментінің бастығы Қалдыбек Сапаров, Мемлекеттік кірістер департаментінің бастығы Серік Мұстафаев, өңір судьялары, сондай-ақ Соттар әкімшілігінің басшылығы қатысты.  

Кеңес жұмысын аша келе, А.Рахметулин облыстық соттың жаңа төрағасы қызметіне тағайындалған, осыған дейін Жоғарғы Соттың судьясы болып жұмыс істеген Нұрышев Қамбар Жұмабайұлын таныстырды.

«Қамбар Жұмабайұлы сот жүйесіне білікті судья әрі басшы ретінде танымал. Ол өзінің көп жылғы тәжірибесімен республиканың сот жүйесін дамытуға зор үлес қосты. Қамбар Жұмабайұлы, Сізге Қызылорда облыстық сотын басқару бойынша үлкен сенім артылып отыр. Сіз өңірдегі соттардың сот төрелігін жүзеге асыру сапасын қамтамасыз етуге бар күш-жігеріңізді салуыңыз керек», - деді А.Рахметулин.

Осы облыстық соттың төрағасы қызметін атқарған Нұрлан Қайырбеков 5 жылдық жұмыс мерзімінің аяқталуына байланысты басқа қызметке ауысты.  

 А.Рахметулин Н.Қайырбековке атқарған кәсіби жұмысы үшін алғыс білдіріп, жаңадан тағайындалған соттар төрағалары мен алқа төрағаларын таныстырды: бұған дейін Атырау облыстық сотының алқа төрағасы қызметін атқарған Әділхади Шығамбаев – облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы, облыстағы Шиелі аудандық сотының төрағасы болған Мұхтар Еркінбеков – Қызылорда қалалық сотының төрағасы, Қармақшы аудандық сотының төрағасы болған Қанатбек Абдоллаев – мамандандырылған ауданарлық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі соттың төрағасы болып тағайындалды. А.Рахметулин аталған кадрлық өзгерістер облыстық және аудандық соттар төрағаларының құзырет мерзімдерінің аяқталуымен байланысты екендігін атап өтті. 

Кеңестің екінші бөлігінде облыс соттарының 2017 жылғы 5 айдағы сот төрелігін жүзеге асыру қорытындысы шығарылды. Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Бақытжан Қалымбет пен облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының бұрынғы төрағасы Қайрат Адранов баяндама жасады. Судьялық әдеп жөніндегі комиссияның қызметі туралы оның төрағасы, судья Айбек Әбу сөз сөйледі.

Кеңес жұмыс қорытындылай келе, А.Рахметулин үш сатылы сот жүйесі жағдайындағы ұлт Жоспарын іске асыру қорытындысы бойынша соттар жұмысының нәтижелері туралы айтты. Сот төрелігі тұрғындар үшін неғұрлым ашық әрі қолжетімді бола түсті, дауды шешудің баламалы тәсілдері мен медиация арқылы қаралатын істер қатары артты.  

А.Рахметулин түрме халқының рейтингісі бойынша Қазақстанның көрсеткіштері (3-тен 46-ға дейін) жақсарғанын, бұған өңір соттарының қосқан нақты үлесі бар екендігін атап өтті. Ағымдағы жылғы 5 айдың қорытындысы бойынша өңірдегі соттарда дауды шешудің баламалы тәсілдерін қолдану артты, медиацияны қолдана отырып қаралған істер 1,8 есеге өсті.

А.Рахметулиннің пікірінше, облыс соттарында санкциялау бойынша тергеу судьялары жұмысының нақты бағдарламасы әзірленді. Ол қылмыстық процестің жаңа моделіне көшу тұжырымдамасының әзірленіп жатқанын, осы орайда сот бақылауы күшейіп, тергеу судьяларының құзыреті кеңейетін болады.  

Өңір соттарында ақпараттық технологиялар белсенді қолданылуда, барлық сот процестерінде аудио-бейнетіркеу құрылғыларын қолдану жұмысы тиісті деңгейде жүргізілуде. Қазіргі таңда Жоғарғы Сот бірыңғай сот практикасын қалыптастыру және сот жүктемесін азайту жобаларын іске асыруда. Осы жобалар туралы айта келе, А.Рахметулин алда сот әкімшілігі жүйесін реформалау күтіп тұрғандығын еске салды.   

А.Рахметулин өңірдегі сот төрелігін жүзеге асыру сапасының төмендегені, атап айтқанда, судьялардың белгілі-бір мәселелер бойынша республикада бірыңғай сот практикасы қалыптасқанына қарамастан, бірқатар іс санаттары бойынша заңнаманың кейбір нормаларын дұрыс қолданбағанын атап өтті.

Түйткілді мәселелер туралы айта келе, А.Рахметулин апелляциялық қаулыларды ресімдеу кезіндегі мәселелер мен соттағы әуре-сарсаңды атап көрсетті.   

Кеңес жұмысының соңында Жоғарғы Соттың сот алқасының төрағасы өңірдегі судьялар корпусының алдына сот ісін жүргізуді одан әрі жеңілдету, судьялардың біліктілігін арттыру бойынша бірқатар міндеттер жүктеді. Ол сыбайлас жемқорлық көріністерімен күресті күшейту және соттардың ақпараттық ашықтығын арттыру қажеттігіне айрықша назар аударды.  

Нұрышев Қамбар Жұмабайұлы 1961 жылы дүниеге келген.

1983 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірді.

1983-1987 жылдары – Гурьев қалалық халық сотының консультанты.

1987-1991 жылдары – Балықшы аудандық және Гурьев қалалық соттарының халық судьясы.

1991-1996 жылдары – Балықшы аудандық сотының төрағасы.

1996-2007 жылдары – Атырау облыстық сотының судьясы, сот алқасының төрағасы.

2007-2011 жылдары – Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстық соттары алқаларының төрағасы.

2011-2014 жылдары – Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы.

2014-2016 жылдары – Атырау облыстық сот алқасының төрағасы.

2016 жылдан бастап қазіргі күнге дейін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы қызметін атқарды. 

Қайнар: 
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі