Қызылорда облыстық соты «Мәңгілік ел бастауы - рухани жаңғыру» тақырыбында «дөңгелек үстел» өткізді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қызылорда облыстық сотының ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы мақаласын талқылау шеңберінде «Мәңгілік ел бастауы – рухани жаңғыру» атты «дөңгелек үстел» өтті.

«Дөңгелек үстелді» Қызылорда облыстық сотының төрағасы Қамбар Нұрышев жүргізді.

Іс-шараға Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры Қылышбай Бисенов, Қызылорда облысы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесі директорының міндетін атқарушы Рахима Ахметова, облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Еңлік Баймырзаева, Судьялар одағының Қызылорда облысы бойынша филиалының төрағасы Айбек Дәуренбеков, тарихшылар, профессорлар, облыстық соттың алқа төрағалары, судьялары мен аудандық соттардың төрағалары, Соттар әкімшісіның басшылығы, отставкадағы судьялар мен БАҚ өкілдері қатысты.

«Дөңгелек үстелді» облыстық соттың төрағасы Қамбар Нұрышев ашып, Елбасының 2017 жылы жариялаған билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөнінде үндеуі мен Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы сот жүйесіне міндеттелген тапсырмалардың маңыздылығын атап өтті. «Әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу – мемлекетіміздің басты мақсаты. Жаһанданудың бұл жаңа қадамы рухани жаңғырудан басталып отыр. Сол үшін заман ағымына қарай икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіру қажет», - деді Қамбар Нұрышев.

Іс-шара барысында Қызылорда облыстық сотының судьясы Шолпан Маликова «Рухани жаңғырудың нақты бағыттары», Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Әлімжан Жарылқағанов, «Өңірдегі ономастика мәселелері», Қызылорда облыстық сотының судьясы Молдабек Ахметов «Билер соты – ұлттық құндылығымыз», Қорқыт Ата атындағы университеттің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы Аман Абасилов «Латын әліпбиіне көшу – мемлекеттік тілді дамытудың жаңа мүмкіндігі» тақырыптарында баяндама жасады. 

Баяндамашылар мақала аясында айқындалған болашақта жасалатын жоспарларды, нақты жобаларды жүзеге асыруға, ел бірлігін нығайтуға бағытталған жаңғыртудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудің тиімділігін, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобаларын іске асыру шеңберінде атқарылып жатқан шараларды атап өтті.

Іс-шара барысында Қызылорда облыстық сотының төрағасы Қамбар Нұрышев облыстық ономастикалық комиссияның қарауына өңірдегі әкімшілік-географиялық объектілерге билердің, ақын-жыраулар мен Алаш зиялыларының, сонымен бірге, сот жүйесіндегі ардагер судьялардың есімін беруге қатысты бастама көтерді.

Облыстық ономастика комиссиясының мүшесі Әлімжан Жарылқағанов үшінші тоқсанда өткізілетін комиссия отырысында облыстағы 38 көшені тарихи және ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен өзгерту жөніндегі ұсыныстарды қарау жоспарланып отырғанын жеткізді.

«Дөңгелек үстел» соңында Қызылорда  облыстық соты мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті арасында рухани жаңғыртуды дамыту мақсатында кафедра филиалын ұйымдастыру және құру туралы екіжақты меморандумға қол қойылды.

«Дөңгелек үстел» жұмысының қорытындысы бойынша қатысушылардың ұсыныстары ескеріліп, бағдарламалық мақаланы іс жүзінде іске асыру мақсатында іс-шаралар жоспары құрылды.

Қайнар: 
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі