Қырғызстан Жоғарғы Сотының өкілдері Қазақстанның электронды сот ісін жүргізудегі жетістіктерімен танысты

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қол жеткізілген келісімдерге сәйкес ағымдағы жылғы 21-22 маусымда Қырғыз Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот департаментінің делегациясы Қазақстанның жоғары сот органына келді.

Делегация құрамында – Қырғыз Республикасы Сот департаментінің статс-хатшысы Сталбек Қалмақов, Қырғыз Жоғарғы Сотының қызметкері Нұрқан Райымбаев, Жоғарғы Сот жанындағы «Әділет сот» ақпараттық технологиялар басқармасының қызметкерлері Александр Юрьев, Константин Степанов пен Әзірет Жұмақадіров, сондай-ақ, Еуропалық одақтың IT жобасы және Құқық дамуы жөніндегі халықаралық ұйымның мамандары Копецки Кристоф пен Нұрлан Дүйшеев бар.

Сапар барысында меймандар электронды сот ісін жүргізуді енгізу және соттар қызметінде ақпараттық технологияларды қолдану бойынша қазақстандық тәжірибені зерделеуде.  

Делегациямен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Қайрат Елібаев кездесті. Ол Мемлекет басшысының республика судьяларының VI съезінде соттардың қолжетімділігі мен ашықтығын арттыру бойынша берген тапсырмаларын орындау мақсатында электронды сот ісін жүргізу бойынша жүйелі жұмыс басталғанын атап өтті. Өткен жылы Ұлт Жоспарының шеңберінде барлық сот отырысы залдарын аудио-бейнетіркеу жүйесімен 100%-ға қамту жұмысы толықтай аяқталды. Қ.Елібаев соттардағы жаңа технологиялар іс жүзінде өздерінің тиімділіктерін дәлелдегенін атап өтті. Айталық, а.ж. 5 айда «Сот кабинеті» сервисі арқылы 317 мыңға жуық талап арыз немесе барлық жүгінулердің  90 %-ға жуығы берілді. Өзара іс-қимылдың электронды сервисі арқылы 150 мыңға жуық әкімшілік материал келіп түсті, атқарушылық іс жүргізу органдарына 200 мыңға жуық атқару парақтары жолданды. «Сот кабинеті» сервисінің мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейе түсті, бұйрықтық іс жүргізу бойынша жұмысқа арналған жаңа құралдар іске қосылды. «Осы жобалардың барлығы тұрғындар үшін ыңғайлы жағдай туғызып, артық жұмысты азайтты» - деді Қ.Елібаев.  

Бірқатар таныстырылымдар барысында шетелдік меймандар құжаттарды сот кеңсесіне берген сәттен бастап қорытынды шешім алғанға дейінгі сот төрелігін жүзеге асырудың барлық кезеңдерінде қолданылатын жаңа технологиялар арқылы соттардың тұрғындармен өзара іс-қимыл алгоритмімен егжей-тегжейлі танысты. Сот органдарының интернет-ресурстарының қызмет ету процестеріне, «Төрелік» және «Сот кабинеті» сервистерінің мүмкіндіктеріне айрықша назар аударылды. Жеңілдетілген тәртіп бойынша шығарылған шешімдердің күшін жою, мемлекеттік баж салығын қайтарып алу, үкімді орындауға жібермес бұрын сотталғандармен кездесуге мүмкіндік беру туралы арыздар, аудио-бейнежазба көшірмелерімен танысу туралы өтінішхат беру барысы көрнекі мысалдар түрінде көрсетілді.

Барлық таныстырулар азаматтардың сот қорғауына қолжетімділігін жеңілдету, соттар жұмысын тиімді ұйымдастыру, бақылауды күшейту, сондай-ақ адами фактор және соттармен өзара іс-қимыл барысында процестік емес байланыстарды болдырмау секілді міндеттерді кешенді шешу тұрғысынан жүргізілді.

Қырғыз делегациясы аудио- және бейнетіркеу, бейнебайланыс жүйелерінің мультипликативтік мүмкіндіктерімен де танысты. Меймандар Жоғарғы Соттың Деректерді өңдеу орталығында болып, желілік инфрақұрылым, ақпараттық қауіпсіздік және т.б. мәселелерді талқылады.

Сапардың екінші күнінде Астана қаласы сотының базасындағы ақпараттық технологиялармен практикалық танысу өткізу жоспарланып отыр. 

Айта кетерлік жайт, бұл сапар соттар қызметіне ақпараттық технологияларды енгізу жөніндегі қазақстандық тәжірибені зерделеу мақсатында шетелдік сот органдары өкілдерінің алғашқы сапары емес. Бұрынырақта осы мақсатта республикамызға Еуропа елдерінің, БАӘ, Египет, Ресей және АҚШ өкілдері келген болатын.

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі