Құрметті ханымдар!

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Сіздерді 8-наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! 

Бұл мерекені бүкіл республика жұртшылығы, барлық ұжым мен әрбір отбасы атап өтеді. Осы мереке қазіргі әйелдердің көп қырлы болмысын дәйекті сипаттауға тамаша мүмкіндік береді. Қазақстан қоғамында әйелдер, ең алдымен, аяулы ана, сүйікті жар, кәсіби маман және жауапты лауазым иесі. Сондықтан да айтулы мереке қарсаңында абзал аналар мен аяулы аруларға лайықты сый-құрмет көрсетілуі – елдігіміздің белгісі.

Елімізде гендерлік саясатқа әрдайым айрықша мән беріліп келеді. Мемлекет басшысы ханымдармен тұрақты түрде кездесу өткізіп, олардың ел дамуына қосып жүрген зор үлесіне ерекше мән береді. Сонымен қатар, Аналар күні жыл сайын аталып өтіледі. Отбасы құндылықтарын насихаттауға бағытталған «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын өткізу игі дәстүрге айналды. Гендерлік саясат мәселелері Президент Әкімшілігі жанындағы арнайы комиссияда тұрақты түрде қарастырылып келеді.  

Республикамыздың сот жүйесінде де әйелдер айрықша орынға ие. Олар сот органдарында қызмет атқаратын барлық қызметкерлердің жартысынан астамын құрайды. Бұл, көбінесе, әйелдер табиғатының шиеленістерді шешуге бейімділігімен, айрықша шыдамдылығымен, аса байыпты әрі салиқалы шешім қабылдауымен байланысты болса керек.

Қымбатты ханымдар! Сіздерді көктемнің осы мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, баршаңызға денсаулық, отбасыларыңызға амандық, баянды бақыт және еңбекте табыс тілеймін! Әрдайым жандарыңыздан сіздерге жақын адамдар табылып, мерекелік көңіл-күйге бөлене беріңіздер!

Қайнар: 
Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми