Қостанай облысының судьялары тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруды мақсат етуде

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қостанай облыстық сотының төрағасы Асламбек Мерғалиев заң факультеттерінің студенттерімен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесті.   

Кездесуді ашқан төраға А.Мерғалиев өткізіліп отырған іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, тәуелсіздік жылдарындағы сот жүйесінде жүргізілген реформаларға тоқталды. Бұл – мамандандырылған соттардың құрылуы, алқабилер институтының енгізілуі, бұлтартпау шаралары бойынша санкциялаудың соттарға берілуі, бітімгершілік шараларын енгізу, судьялық әдеп кодексінің қабылдануы, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту және заңнамалардағы жаңашылдықтар.  

 «Заң үстемдігін қамтамасыз етудегі басты міндет сот төрелігін сапалы әрі объективті  жүзеге асыру, халықтың сот жүйесіне деген сенімін арттыру», - деп атап өтті А.Мерғалиев.

Кездесу барысында Сот әдебі жөніндегі комиссияның төрағасы,  облыстық сот судьясы Қылышпай Салмұхаметов студенттерге соттың құрылымы, соттылық, жергілікті соттардың мамандандырылуы және судьялардың Президент Жарлығымен тағайындалатындығы туралы айтты. Сонымен қатар, Судьялық әдеп кодексінің рөлі жайлы әңгімелеген судья, сот төрелігін жүзеге асыратын тұлғаға тән қасиеттерге да тоқталды.

Студенттерге сот төрелігін жүзеге асыру барысында медиацияны қолдану, оңайлатылған және бұйрықтық іс жүргізу, сот жұмысына енгізіліп жатқан жаңа ақпараттық технологиялар, әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің негізгі міндеттері, Сот төрелігі академиясының жұмысы жайлы мәліметтер де таныстырылды.

Іс-шара соңында жиналған жүзден астам студент судьяларға сауалдарын қойып, оған толыққанды жауап ала алды.

Болашақ заңгерлер мен судьялар кездесу соңында «Қазақстанның сот жүйесі: Кеше. Бүгін. Ертең» атты  фильмді бірге тамашалады.

Қайнар: 
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі