Қостанай облыстық сотында Жоғарғы Сот Төрағасының қатысуымен кеңес өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Қостанай облыстық сотында өңір соттарының 2017 жылдың 5 айындағы атқарған сот төрелігінің қорытындылары шығарылды.

Іс- шараға Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Қостанай облыстық сотының төрағасы Асламбек Мерғалиев, облыстық соттың алқа төрағалары мен судьялары, сондай-ақ жергілікті соттардың судьялары қатысты. Бұған қоса, іс-шараға өңірдегі мемлекеттік органдардың басшылары, отставкадағы судьялар, сот жүйесінің ардагерлері мен Соттар әкімшілігінің басшысы қатысты.

Кеңесті А.Мерғалиев ашты. Ол жиынға қатысушыларды Қостанай облысы соттарының а.ж. 5 айындағы сот төрелігін жүзеге асыру және істерді қарау барысындағы заңдылықтың сақталу нәтижелерімен таныстырды. Бұдан әрі Қостанай облысындағы Судьялар одағы филиалының Судьялық әдеп комиссиясының төрағасы Қ.Салмұхаметов өңірдегі судьялардың іс-әрекетіне қатысты келіп түскен өтініштер мен шағымдарды қараудың нәтижесі туралы ақпаратпен таныстырды, сондай-ақ, Қостанай облыстық сотының судьясы, оқу бағдарламаларының үйлестірушісі Г.Сейдахметова Оқу орталығының 2017 жылғы жұмысы туралы мәлімдеді.

Кеңестің жұмысын қорытындылай келе, Жоғарғы Сот Төрағасы Қ.Мәми Ұлт Жоспарында көзделген реформаларды іске асыру қорытындысы бойынша сот жүйесінің жұмысындағы жағымды көрсеткіштер туралы айтты. Сот төрелігі тұрғындар үшін ашық әрі қолжетімді бола түсті, судьяларды іріктеу мен мансаптық ілгерілету жүйесі жетілдірілді, жаңа институттар мен құқықтық актілер, соның ішінде Азаматтық процестік кодекс сәтті қолдануда.

Ағымдағы жылғы 5 айдың қорытындысы бойынша азаматтық істердің 82% бір сот отырысында қаралған, олардың үштен екісі – жеңілдетілген іс жүргізу тәртібінде қаралған. Дауларды шешудің баламалы тәсілдерін қолдана отырып қаралған істер саны 42%-ға, медиацияны қолдана отырып аяқталған істер саны 82%-ға артты.

Келісімдік іс жүргізу тәртібімен қаралған қылмыстық істердің саны 33%-ға, қысқартылған тәртіппен қаралған істер саны 4 еседен көп мөлшерге артқан. Алқабилердің қатысуымен қаралған істер саны 35%-ға артты. Тергеу судьяларының санкциялау туралы қараған істерінің саны 15,4%-ға, соның ішінде жаңа құзыретті пайдалана отырып қараған істері 45%-ға өсті.

Қылмыстық заңнаманы ізгілендіру түрмедегілердің санын 30 мың адамға қысқартуға мүмкіндік берді. Осы ретте еліміздегі криминагендік ахуал бірқалыпты. Бұл соттардың жаза тағайындау практикасына өзгертуге өте сарабдал қарайтындығын дәлелдейді.

Судьялық лауазымдарға үміткерлерге қойылатын біліктілік талаптары мен оларды іріктеу тәсілдері қатаңдатылды, біліктілік емтихан тапсыру рәсімдері күшейтілді. Ағымдағы жылдың 5 айы ішінде жаңа ереже бойынша 92 судья іріктеліп тағайындалса, Қостанай облысы бойынша олардың саны – 8 судья. Ағымдағы жылы жүргізілген кәсіби қызметті бағалау қорытындысы бойынша 125 судья өздерінің кәсіби біліктіліктерін дәлелдесе, олардың ішіндегі 10 судья Қостанай облысында жүмыс істейді.

Электронды сот төрелігі бойынша соттардың жетістіктері де аталып өтілді. 2017 жылы «Сот кабинеті» сервисі арқылы барлық өтініштердің 89,8% электронды түрде келіп түсті. Бұл тәсіл азаматтардың соттараға жүгінуіндегі ыңғайлылықты неғұрлым арттырады және соттар жұмысының тиімділігін жақсартады.

Қ.Мәми Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған конституциялық реформаны іске асыруға айрықша тоқталып өтті. Жоғарғы Соттың ұсыныстары еліміздің Конституциясына енгізілді. Бұл сот жүйесінің тәуелсіздігін одан әрі нығайта түседі. Реформа шеңберінде судьялыққа кандидарттардың жас ерекшелігін 30 жасқа дейін арттыруды көздейтін Конституциялық заң жобасы әзірленіп, қазіргі таңда Сенаттың қарауында жатыр.

Соттар «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: ғаламдық бәсекеге қабілеттілік» атты Елбасы Жолдауын іске асыру бойынша жұмыстарды белсенді жүргізуде. Жоғарғы Сотта меншік құқықығын қорғауды күшейту бойынша заңнамаларға ревизия жүргізуді көздейтін жұмыс тобы құрылды. Айыппұлдарды қолдануды кеңейту және неғұрлым нақты регламенттеу, сондай-ақ инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін сотта қорғауды жақсарту мәселелері пысықталуда.

Өңірдің судьялар корпусының алдына сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсарту және судьялардың біліктілігін арттыру бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді. Аудио-, бейнетіркеу жүйесінің қолдануға бақылауды күшейтуге және соттардың ақпараттық ашықтығын арттыруға айрықша назар аудару қажет.

Жоғарғы Сот Төрағасы Қостанай облысының судьяларына аппеляциялық сатыдағы соттың және бірқатар мамандандырылған соттардың жұмыс сапасын арттыру, даулардың кейбір санаттары бойынша бұйрықтық іс жүргізуді неғұрлым кеңейту қажеттігін айрықша атап өтті. Бұған қоса облыстық соттың жалпы отырысының сот практикасын талқылау және қорыту, соттар қызметін жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірлеу бағытындағы жұмысын жақсартқан жөн. Судьяларға азаматтармен жұмысқа, сондай-ақ, Судьялық әдеп кодексінің талаптарын бұлжытпай сақтауға зор мән беру керек.

Жиын барысында Қ.Мәми сот жүйесінің ардагерлері, отставкадағы судья Әсия Құрмановаға, Валентина Кирющенковаға және Қаражан Жұмағұловқа көп жылғы мінсіз қызметі және облыстың сот жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін «Мінсіз қызметі үшін» медалін салтанатты жағдайда тапсырды.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов отставкадағы судья, сот жүйесінің ардагері Алексей Кобцевке облыстың құрметті азаматы марапат лентасын, сондай-ақ, Қостанай облысының 80 жылдық құрметіне орай отставкадағы судьялар Серікбай Малтабаровқа, Людмила Прохорова мен Дәмелі Темірбаеваға мерейтолық медальдар табыстады. Сонымен қатар, облыс әкімінің қолынан бірқатар аудандық соттардың төрағалары мен судьялары жаңа қызметтік автокөліктердің кілті мен пәтер сертификаттарын алды.

Жоғарғы Сот Төрағасы Қостанай облысының әкімімен бірігіп жаңа облыстық сот ғимаратының іргетасын салтанатты түрде қалауға қатысты. Жаңа ғимаратта жетекші ақпараттық технологиялармен жабдықталған  қазіргі заманға сай сот отырыстарының залдары, оның ішінде  аудио-, бейнетіркелімдер, медиация, прокурорлар және адвокаттардың кабинеттері қарастырылған.

Қайнар: 
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі