Қ.Мәми Алматы қалалық сотының жаңа төрағасын таныстырды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Алматы қалалық сотында қала соттарының 2017 жылғы 5 айдағы сот төрелігін жүзеге асыру қорытындысы бойынша судьялардың кеңейтілген кеңесі өтті.

Іс-шараға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, қала прокуроры Ғабит Миразов, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бастығы Нұрлан Мәжілов, Ішкі істер департаментінің бастығы Серік Күдебаев, сондай-ақ жергілікті бірқатар мемлекеттік органдардың, қаладағы соттардың қызметкерлері қатысты.

Кеңеске қатысушылар өмірден мезгілсіз өткен осы соттың бұрынғы төрағасы Ақжан Жайлауханұлы Ештайды бір минут үнсіздікпен еске алды. Оны еске ала келе, Қ.Мәми: «Бұл сот жүйесі үшін орны толмас қаза. Ол еліміздегі ірі мегаполис сотының төрағасы ретінде сот жүйесінде көзделген барлық ауқымды өзгерістерді іс жүзіне асыра білді», - деді.

Қ.Мәми Алматы қалалық сотының жаңа төрағасын таныстырды. Бұл лауазымға бұған дейін Ақмола облыстық сотының төрағасы болып қызмет атқарған Нұрғазы Әбдіқанов тағайындалды. Оның бұрынғы лауазымда атқарған жұмысын жоғары бағалаған еліміздің жоғары сот органының төрағасы: «Нұрғазы Әбенұлы осында отырған баршаңызға жақсы таныс. Ол Алматы қаласында және Жоғарғы Сотта судья болып қызмет атқарған», - деді. Қ.Мәми Н.Әбдіқановтың көп жылғы кәсіби және өмірлік тәжірибесі оған жаңа қызметінде өз септігін тигізетіндігіне сенім білдірді.

Кеңеске қатысушыларға жаңадан тағайындалған аудандық соттардың төрағалары да таныстырылды. Наурызбай аудандық сотына бұрын Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі соттың төрағасы қызметін атқарған Серікбай Төлепбергенов, ювеналдық сотқа Алматы қалалық сотының судьясы болып жұмыс істеген Ардақ Ешеев, № 2 Алмалы аудандық сотына Серік Төлегенов тағайындалды. 

Кеңеске Алматы қаласының әкімі Б.Байбек қатысып, сөз сөйледі. Бұдан әрі қала соттарының 2017 жылғы 5 айдағы сот төрелігін жүзеге асыру қорытындысы шығарылды. Қалалық соттың сот алқаларының төрағалары Бақытжан Қараманов пен Бақыт Мәлік-тегі баяндама жасады. Бұған қоса, Судьялар одағы филиалының Судьялық әдеп жөніндегі комиссиясының төрағасы Лұқмат Мерекеновтің есебі тыңдалды.

Жоғарғы Сот Төрағасы Қ.Мәми кеңестің қорытындысын шығарды.

Ол Ұлт Жоспарында көзделген реформаларды іске асыру қорытындысы бойынша неғұрлым маңызды нәтижелерді атап өтті. Бұларға сот төрелігіне қолжетімділіктің жеңілдеуі, судьялық кадрларды іріктеу мен мансаптық ілгерілетудің жаңа жүйесі, Сот жюриі қызметін жетілдіру, электронды сот төрелігі жүйесін кеңейту, Жоғарғы Соттың жанынан Сот төрелігі академиясын, Мамандандырылған сот алқасы мен Халықаралық Кеңесті құру жатады.

Алматы қаласы және жалпы республика бойынша сот төрелігін жүзеге асыру тиімділігінің артуы байқалады. Осы ретте ағымдағы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша мегаполис соттарына түскен істер мен өтініштердің өсімі 35 пайызды құрады. Жеңілдетілген іс жүргізу тәртібінде қаралған азаматтық істердің саны 3 есеге артып, істердің жалпы санының 72 пайызын құрады. Дауды шешудің баламалы тәсілдерін қолдану 3 есе, медиацияны қолдану 2 есе артты.   

Қысқартылған тәртіпте қаралған қылмыстық істердің саны 2 есеге өсті. Тергеуге сот бақылауын кеңейту шаралары өзінің оң нәтижесін беруде. Айталық, тергеу судьяларының санкциялау туралы қараған материалдарының саны 39 пайызға артты.   

Судьялық лауазымға кандидаттарды іріктеу тетіктері мен жаңа біліктілік талаптары қолданысқа енгізілді. Ағымдағы жылдың 5 айында жаңа ереже бойынша 92 судья іріктеліп, тағайындалса, оның үшеуін Алматы қаласының судьясы құрайды. Судьялық корпустың кәсіби біліктілігін растау жүйесі енгізілді.

Жұмыстағы жоғары көрсеткіштерді электронды сот төрелігі көрсетуде. Ағымдағы жылы Алматы қаласы бойынша «Сот кабинеті» сервисі арқылы барлық өтініштердің 76,8% келіп түскен. Азаматтар тарапынан айтылып жатқан жағымды лебіздер соттар жұмысындағы жаңа технологиялардың ыңғайлылығы мен тиімділігін дәйекті түрде растайды.     

Қ.Мәми өз сөзінде Мемлекет басшысының бастамасымен жүргізілген конституциялық реформа мен Жолдауда айтылған міндеттердің іске асырылуына айрықша тоқталып өтті. Конституцияға енгізілген түзетулер сот жүйесінің тәуелсіздігін күшейтті және соттар жұмысын одан әрі жақсартудың негізін қалады. Атап айтқанда, судьялыққа кандидаттардың жас шектелімін 30 жасқа дейін арттыруды көздейтін Конституциялық заңның жобасы әзірленді. Судьялар корпусы қолданыстағы сот практикасын ескере отырып, Жолдаудың барлық басымдықтары бойынша заңнаманы жаңғырту жұмысына өз үлесін қосуда.    

Жоғары сот органының төрағасы қаланың судьялық корпусының алдына сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсарту және судьялардың біліктілігін арттыру бойынша бірқатар міндеттер жүктеді. Ол азаматтарды қабылдау сапасын арттыруға, сот практикасын тұрақты талдауға, БАҚ-пен жұмысты ілгерілетуге, сондай-ақ электронды сот төрелігін одан әрі дамыту қажеттігіне  айрықша тоқталды.  

 

Әбдіқанов Нұрғазы Әбенұлы 1962 жылы дүниеге келді.

1988 жылы КСРО Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғары мектебін бітірді, заң ғылымдарының докторы.

1982-1990 жылдары Қазақ КСР Ішкі істер министрлігінің органдарында әр түрлі лауазымдар атқарды. 1990-1996 жылдары Қазақстан Республикасы мемлекеттік тергеу комитетінің Алматы жоғары мектебінде оқытушы, аға оқытушы болып қызмет атқарды.

1997-2002 жылдары – Алматы қалалық сотының судьясы.

2002-2005 жылдары – Жамбыл облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы.

2005-2009 жылдары – Жоғарғы Соттың судьясы.

2009-2017 жылдары – Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстық соттарының төрағасы.  

Н.Әбдіқанов «Мінсіз қызметі үшін», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» және «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен марапатталған.  

 Монографияның, бірқатар оқу құралдары мен мақалалардың авторы. 

Қайнар: 
Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі