ҚазҰУ-де қылмыстық процесті жаңғырту реформасы талқыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

2017 жылғы 15 қыркүйекте Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «Қылмыстық іс өндірісінің тиімді жүргізілуі – қазіргі құқық қорғау жүйесі дамуының басым бағыты» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.

Іс-шараны Президент Әкімшілігі, Конституциялық Кеңес, Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңсесінің басшысы мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұйымдастырды.  

Кездесудің мақсаты – қылмыстық процесті қайта жаңғырту реформасы шеңберінде тәжірибелік ұсынымдарды әзірлеу. Іс-шараны Жоғарғы Сот Төрағасы Қ.Мәми жүргізді.

«Дөңгелек үстел» жұмысына Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Т.Донақов, Конституциялық Кеңестің Төрағасы И.Рогов қатысты. Бұған қоса, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар орталығының басшысы Дьердь Сабо, республикадағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл А.Шәкіров, өзге де мүдделі мемлекеттік органдар мен құрылымдардың өкілдері қатысты. Талқылауға беделді заңгер ғалымдар, халықаралық сарапшылар, адвокаттар, қоғамдық және құқық қорғау ұйымдарының қызметкерлері де қатысты. 

Іс-шараға қатысушыларға арнаған сөзінде Қ.Мәми тәуелсіздік жылдары қазақстандық сот ісін жүргізу саласы қылмыстық процестің кеңестік моделінен біртіндеп бас тартқанын атап өтті. Жаңа қылмыстық-процестік заңның және Ұлт Жоспарында көзделген шаралардың іске асуымен азаматтардың тиімді қорғалуын қамтамасыз ету және қылмыстық процестің жазалаушылығын азайту бойынша нақты жұмыстар атқарылды.

«Дей тұрғанмен, қылмыстық-процестік кодексті (ҚПК) реформалау процесі жалғасуда. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының айрықша бақылауында. Бүгінде қылмыстық процесті жаңғыртудың негізгі басымдықтары айқындалды және тиісті заң жобасын әзірлеу жұмысы жүргізілуде», - деді Жоғарғы Сот Төрағасы.

Озық еуропалық моделге және үздік шетелдік тәжірибеге бағдарлану отандық қылмыстық әділет жүйесін одан әрі дамытудың бағыты ретінде айқындалды. Жақын уақытта сотқа дейінгі тергеу және анықтау органдарын институционалдық қайта құруда кешенді өзгерістер орын алатын болады.

Сот бақылауы институтын жетілдіру бойынша жария емес тергеу әрекеттерін соттың санкциялау құзыретін заңнамалық бекіту күтілуде. Сот санкциясынсыз ұстау мерзімін 48 сағатқа дейін қысқарту адам құқықтарын сақтау тұрғысындағы айтулы жаңалық болып табылады.

Қылмыстық теріс қылық бойынша бұйрықтық іс жүргізудің қысқартылған жаңа түрі енгізіледі. Бұл Эстония, Германия және өзге де бірқатар елдердің табысты тәжірибесі негізінде қолға алынбақ. Реформа шеңберінде қылмыстық процестің жарыспалылығын арттыруға айрықша назар аударылатын болады.

Кездесудің маңыздылығын айта келе, Қ.Мәми әзірленетін заң жобасының сапасы мен реформаның сәтті жүргізілуі көбінесе осы жұмысқа ғылыми ортаның, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің, сондай-ақ шетелдік сарапшылардың қатысуына байланысты екендігін атап өтті.

Форумда Шлезвиг-Гольштейн учаскелік сотының төрағасы, Халықаралық құқықтық ынтымақтастықтың герман қорының сарапшысы Р.Мюллер, Халықаралық құқықтық ынтымақтастықтың герман қорының сарапшысы Б.Новроузиан, адвокат, Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Б.Раисова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетінің деканы С.Айдарбаев, Абай атындағы ҚазҰПУ Сорбонна – Қазақстан институтының халықаралық құқық кафедрасының меңгерушісі А.Сәбитова және өзгелер сөз сөйледі.

«Дөңгелек үстел» барысында алдағы реформа бойынша қызу пікірталас өтті. Іс-шараны аяқтай келе, Қ.Мәми айтылған барлық пікірлер заң жобасын әзірлеу барысында ескерілетіндігін айтып, іс-шараға қатысушыларға алғыс білдірді.

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі