Қазақстан судьяларының делегациясы АҚШ-тың бірқатар соттарында болды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

2017 жылғы 19-30 сәуір аралығында қазақстандық судьялар Америка Құрама Штаттарында болып, іссапар шеңберінде барлық деңгейдегі бірқатар соттарда болды. Іс-шара «Ашық әлем» бағдарламасының аясында өтті.

Делегация құрамында Жоғарғы Соттың судьялары Талғат Баратбеков, Елена Максюта, Қостанай облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Арман Шәмшиев, Астана қаласы сотының судьясы Алма Есімова мен Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық сотының төрағасы Венера Тоқтарбаева болды. 

Сапардың алғашқы күні Вашингтон қаласындағы АҚШ соттарының әкімшілік басқармасында сот қызметі департаменттерінің басшыларымен, «Ашық әлем» көшбасшылық орталығының атқарушы директоры, АҚШ Мемлекеттік департаментінің сот органдарымен байланыс бойынша офицері Джон Джасикпен және Луизина штатының федеральдық судьясы Маурис Хикспен кездесулер өтті. Олар АҚШ сот жүйесінің құрылымы, юрисдикциясы және федеральдық соттар мен штат соттарының өзара іс-қимылы, бірінші және апелляциялық сатылардағы істерді қарау ерекшеліктері, сондай-ақ, судьяларды оқыту және судьяның әдеп нормаларын сақтауына қатысты өтініштерді қарау рәсімі туралы әңгімелеп берді.

Қазақстандық судьялар бірінші сатыдағы және кәмелетке толмағандардың қатысуымен істерді қарайтын, сондай-ақ үндістердің тайпалық соттарында болды. Шақырушы тараптың бастамасы бойынша Аризона штатының университетінде студенттер мен профессор-оқытушылар құрамы алдында Қазақстан мен оның ұлттық сот жүйесінің елдік таныстырылымы өткізілді. Кездесу барысында тараптар құқықтық мәселелер бойынша пікір алмасты. Аризона штатында қазақстандық делегация заң шығару органында, штат прокурорының кеңсесінде болып, адам саудасымен күрес жөніндегі комиссия мүшелерімен кездесті.       

АҚШ сот жүйесінің ең басты ерекшелігіне келер болсақ, барлық келіп түскен істердің тек 5% ғана соттар тарапынан толыққанды қаралады. Қалған 95% - жеңілдетілген тәртіпте (кінәні мойындауға байланысты қылмыстық істер бойынша) қаралады немесе медиация арқылы шешімін табады. Бұл үрдіс барлық деңгейдегі соттарда кездеседі. Тараптарды татуластыру мәселесін қарастыру азаматтық даулардың көптеген санаттары бойынша міндетті болып табылады.

Барлық соттардағы сот отырыстары бойынша аудио-, бейнетіркеу жүйесі жұмыс істейді. Осы ретте Аризона штатының Жоғарғы Соты маңызды әрі қызықты істерді өздерінің сайты арқылы көрсетеді. АҚШ-тың Жоғарғы Сотында, федеральдық соттар мен Аризона штатының соттарында сот отырыстарын фото- және бейнетүсіруге тыйым салынған. Бұл талап процеске қатысушыларға кедергі келтірмеу және істерді қараудағы оңашалықты сақтау мақсатында енгізілген. Сотқа кіре берісте барлық келушілер өз телефондарын өшіріп қояды. БАҚ редакцияларынан келіп түскен сұрау хаттарға арнайы қызмет судьялардың қатысуынсыз жауап береді.

Алғашқы сатыдағы соттар ғимаратының бірінші қабатындағы заңгерлік кітапханаларда сот практикасымен танысуға және сотқа өтініш беруге мүмкіндік жасалған, мұнда сот қызметкерлерімен қатар ерікті студенттер де жұмыс істейді.

АҚШ-тың федеральдық және жекелеген штаттарының Жоғарғы Соттарында қаралуға тиіс істердің міндетті соттылығы көзделмеген. Судяьлар қаралатын істерді дауыс беру арқылы таңдап алады. Әдетте, бұларға қоғамдық резонансқа ие немесе сотталушыға өлім жазасы тағайындалған маңызды істер жатады.

Аризона штатының Жоғарғы Сотында адвокаттардың сөз сөйлеуіне уақыт жағынан шектеулер қойылған, олар барлық істер бойынша 20 минуттан артық емес, ал өлім жазасы сұралған істер бойынша 25 минут сөз сөйлеу құқығына ие. Штаттың Жоғарғы Соты тоқсанына бір рет көшпелі сот отырысын өткізеді, онда тек істер қаралып қоймай, көпшілікпен кездесулер де өткізіледі.

Барлық соттарда соттар жұмысының тиімділігіне баға беріледі. АҚШ-та жекелеген судьялардың қызметіне емес, штаттар соттары қызметінің тиімділігіне баға беріледі. Оның негізгі критерийіне (JPE бағдарламасы) сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсарту және соттарға деген қоғамдық сенімді арттыру жатады. Бағалау критерийлері құқықтық білім деңгейі, сатылмаушылық пен бейтараптылық, коммуникативтік дағдылар, кәсібилік пен мінез-құлық, сондай-ақ, істерді қарауды ұйымдастыру көрсеткіштеріне негізделген. Ақпарат жинау адвокаттарға, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, сот талқылауларына қатысушыларға сұрау салу және өзге судьяларды бақылау жолымен жүргізіледі. Осы ақпаратты талдаумен сырттан шақырылған сарапшы айналысады.   

1990 жылы қабылданған азаматтық сот ісін жүргізу реформасы туралы заңда жарты жылдық есептерді ерікті түрде жариялау көзделген. Онда істер мен судьялардың өтінішхаттарды қарау жылдамдығы тіркеледі. Тәжірибеде осы есептерді көптеген соттар жариялап келеді.   

Штаттың Жоғарғы Сотын қоса алғанда, барлық деңгейдегі соттар белгілі-бір мерзім сайын өздерінің біліктілігін арттыруға міндетті. Олардың әдеп нормаларын сақтамаған іс-әрекетіне қатысты шағымдарды қарау тәртібі Қазақстандағы жүйеге ұқсайды, тек айырмашылығы – сот төрағасы шағымның ресми түсуін күтпей-ақ, белгілі-бір ақпаратты білсе, сот төрағасы шешім қабылдай алады. Өтініште айтылған уәждер дәлелін тапқан жағдайда кінәлі судьяға құпия немесе жариялы түрде сөгіс жарияланады.   

АҚШ-тағы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі соттарда судьялармен және алқабилермен қатар жасөспірімдер, олардың кейбірі бұрын осы соттар тарапынан сотталса да сөз сөйлеу құқығына ие. Бұл сот баланың «кінәлі» немесе «кінәсіз» екендігін анықтамайды, оның рөлі баланың болашақта құқыққа қайшы әрекет жасауының алдын алу болып табылады. Сот процесі кәмелетке толмаған бала өкілінің (ата-анасы немесе асырап алушы) қатысуымен өтеді. Соттың шешімімен кінәлі деп танылған жасөспірім белгілі бір мерзімге мәжбүрлі түрде қоғамдық пайдалы жұмысқа тартылады, ал оның әрекеті құқықтық салдарға әкеліп соқтырмайды, себебі ол сотталған адам деп есептелмейді, бұл жағдай оның түзелуіне жәрдемдеседі. 

Штат прокуроры соттарда азаматтық істерді қарауға қатыспайды, прокурор мемлекеттің мүддесін қорғау қажет болған жағдайда ғана сотқа қатысады. 

Соттарда алқабилер үшін барынша ыңғайлы жағдай жасалған: демалыс бөлмесі, кітапхана, жеке асхана, балаларға арналған бөлме, кеңесу бөлмесі. Процесс басталар алдында оларға алқабидің жұмысы туралы бейнеролик көрсетіледі. 

Қазақстандық судьялар сапардың пайдалы өткенін атай келе, АҚШ соттарының қызметін ұйымдастырудың кейбір тәсілдерінің жұмыс барысында қолданылуы мүмкіндігін айтты.

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі