Қазақстан судьялары Минскте өткен Заңгерлер одағының IX-съезінің жұмысына қатысты

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Құрамына Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының төрағасы, Қарағанды облыстық сотының төрағасы Мұсабек Әлімбеков, Қазақстандық Заңгерлер одағының атқарушы директоры Дариға Құрманова, Шығыс Қазақстан облыстық сотының судьясы Елдос Жұмақсанов және отставкадағы судья Галина Былкылова енген қазақстандық делегация Беларусь астанасы Минск қаласында өткен Заңгерлер одағының IX-съезінің жұмысына қатысты.

Съезд жұмысына Беларус Республикасы Президенті Әкімшілігінің өкілі, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар мен заңгерлер, шет елдердің бірқатар заңгерлері мен судьялары қатысты.

Форумда сөйлеген сөзінде Мұсабек Тұрғынбекұлы екі елдің құқықтық қауымдастығы арасындағы сындарлы және жемісті ынтымақтастық бар екенін атай келе, осы іс-шараға шақырғаны үшін алғысын білдірді.  Сонымен қатар, ол қатысушыларға Қазақстандағы мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңі, әсіресе конституциялық реформа аясындағы сот жүйесі, сот ісін жүргізу және сот төрелігі мәселелері бойынша Жоғарғы Соттың енгізген ұсыныстары туралы ақпаратымен бөлісті. М.Әлімбеков біздің елімізде жүргізіліп жатқан сот реформасы, соның ішінде судьялыққа кандидаттардың жас ерекшеліктері мен еңбек өтілі бойынша талаптардың күшейтілуіне, үш сатылы сот жүйесіне көшу жөніндегі мәселелер және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мәртебесін және кассациялық функцияларын беру жөніндегі өзгерістер туралы айтып берді.

Қазақстан Судьялар одағының төрағасы инвестициялық даулар бойынша жеке сот ісін құру, Жоғары Сот Кеңесінің құрамы мен өкілеттілігін кеңейту туралы айта келе, реформа сот жүйесін дамытуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау сапасын арттыруға, судьялардың тәуелсіздігін нығайтуға бағытталғандығын атап өтті. 

Қайнар: 
Шығыс Қазақстан жәнге Қарағанды облыстық соттардың баспасөз қызметтері