Қазақстан Республикасының Әскери соты 25 жылдығын атап өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Астанада еліміздің Әскери соттарының құрылғанына 25-жыл толуына орай мерекелік салтанатты жиын өтті.

Іс-шараға Әскери соттардың судьялары, сот жүйесінің ардагерлері, Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің, Бас әскери прокуратураның, Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұлан және ҰҚК Шекара қызметінің басшылығы мен өкілдері қатысты.

Әскери соттың төрағасы Сәкен Абдолла кездесуді аша келе, Елбасының 1992 жылғы 11 шілдедегі қаулысымен құрылған Әскери сот – тәуелсіз Қазақстанның алғашқы мамандандырылған соты болып табылатындығын атап өтті. 1992 жылы Қазақ КСР аумағында құрылған әскери трибуналдар Қазақстан Республикасының құқықтық билігіне берілгендігін көрсетті. «Бүгін, уақыт көрсетіп отырғандай, Әскери сот әскери қызметшілер мен азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету бойынша өз міндеттерін тиімді орындап келеді», - деді С.Абдолла.

Бүгінде еліміздегі 12 әскери сотта 42 судья қызмет атқарады, соның ішінде, 8 судья әскери сот құрылған сәттен бастап еңбек етуде. Бұл әскери соттардағы судьялар корпусының сабақтастығын білдіреді. Олардың біліктілігі мен кәсіби деңгейі қоғамда өзекті пікір туғызған  және күрделі істерді қарау барысында расталып отыр. С.Абдолла Әскери соттың алдағы уақытта да өзінің қызметін жоғары деңгейде атқаратындығына сенім білдірді.  

Жоғарғы Сот жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету Департаментінің басшысы Нұрсерік Шәріпов Жоғарғы Сот төрағасының атынан судьялар мен сот ардагерлерін Қазақстан Республикасы Әскери сотының 25-жылдық меройтойымен құттықтады.  «Мемлекет басшысы отандық сот жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша бірқатар басымды міндеттерді анықтап берді. Осы жұмыстарды атқаруға әскери соттар да өз үлесін қосуда», - деді ол.

«Мамандандырылған әскери соттар әскери құрылымдар мен бөлімдерде заңдылық пен құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету бойынша міндеттер атқарады. Өткен 25 жыл Әскери соттардың қалыптасқаны туралы нық сеніммен айтуға болады. Бүгінде олар мемлекет мүдделерін, әскери қызметшілердің құқықтары мен бостандықтарын толыққанды қорғауды жүзеге асырып, әскердегі заң үстемдігінің тұрақтылығын сақтауға өз үлестерін қосуда» - деді Н.Шәріпов.  Департамент басшысы: «Қарулы күштер қалыптасуының алғашғы жылдары әскери соттар өздерінің құқық қолдану тәжірибесімен әскерилердің күнделікті өміріндегі көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешкендігін атап өтті. Бұл олардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Бұдан басқа, осы бағыттағы сот тәжірибесі одан әрі әскерилер жұмысын реттейтін заңдардың қабылдануына негіз болды», - деді.   

Іс-шарада Қазақстан Республикасы әскери сотарының қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар ардагерлер мен судьялар «Қазақстан Республикасының Әскери сотына 25 жыл» мерекелік медалымен марапатталды. Сонымен қатар, айтулы күнге арналған мерейтойлық кітаптың таныстырылымы өтіп, қатысушылардың назарына республика әскери соттарының қызметі туралы деректі фильм ұсынылды. 

Елорданың Әскери патриоттық орталығында  Қазақстан Республикасы Әскери сотының тұрақты экспозициясы ашылды. Онда әскери соттардың құрылуына және қалыптасуына сүбелі үлес қосқан судьялар мен ардагерлер туралы ақпарат,  судьялардың күнделікті қызметінде қолданылатын жұмыс құралдары, құжаттары және басқа да әскери трибуналдар мен әскери соттарға қатысты  экспонаттар ұсынылған.

Қайнар: 
Әскери соттың баспасөз қызметі