«Казахстанской правде» газетінде «Суд биев – аккумулятор для национального кода» тақырыбында Қайрат Мәмидің сұхбаты жарияланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

«Казахстанская правда» газеті тілшісінің сұрақтарына жауап бере келе, Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми билер соты институтының мемлекеттілікті және Қазақстан қоғамының құқықтық мәдениетін қалыптастырудағы негізгі аспектілері туралы ойларымен бөлісті. Әңгіме барысында Қ.Мәми: «Билердің сот-құқықтық және әкімшілік-басқару, даулар мен шиеленістерді шешу функцияларын орындау барысындағы қызметінің рухани мазмұны – Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында атап өткен қайталанбас ұлттық кодтың құрамдас бөлігі болып табылады. Бүгінде аталған кодты дамудың, жалпы болашақтың кепілі ретінде сақтау маңызды», - деді.    

Әдет-ғұрып құқығының адамгершілік-құқықтық құндылықтарының өзектілігі туралы айта келе, жоғары сот органының төрағасы қазақ құқығы мен мемлекеттілігінің қайнар көзі – Жошы ұлысын құрушылардың бірі Майқы би туралы айтып өтті. «Ол мемлекеттік басқарудың заңдық ғұрыптарын қалыптастырды, кісі өлімі орын алған жағдайда істі мәні бойынша тергеуді, жылқыны ұрлағаны үшін еселеп айып төлетуді енгізді, ежелгі және орта ғасырлардағы түркілердің құқықтық кеңістігінің қағидаттарын, соттың жіне сот қызметінің негізін айқындайтын іргелі қағидаларды мұраға қалдырды», - деді сұхбат беруші.

Сұхбатта Мемлекет басшысының туған атасы, қазақ ауылының судьясы – Назарбай би туралы қызықты мәлімет келтірілген. «Назарбай би туралы алғашқы деректер 1886 жылғы құжаттарда кездеседі. Онда Назарбайдың билер сайлауына бірнеше рет қатысқаны, 1909 жылы 52 жасында төртінші ауылдың биі болып сайланғаны, сайлау баламалы түрде өтіп, Назарбай биге 28 сайлаушының 27-сі дауыс бергені көрсетілген», - деген дерек келтіреді Қ.Мәми.   

Жоғарғы Сот Төрағасы қазақ билерінің дәстүрлі қызметі мен қазіргі сот құрылымын салыстыра келе, билер сотының лайықты судьялық кадрларды тәрбиелеудегі адамгершілік бастамаларды жаңғырту тұрғысындағы мұраларының өзектілігін атап өтті. Тарихи мұраның маңыздылығы туралы айта келе, Қ.Мәми Қазақ мемлекеттілігінің тарихында билердің сот төрелігі Батыс әлемі мен қазіргі кезең үшін Рим құқығы секілді маңызды рөлге ие екендігін тілге тиек етті.   

Осы аталған құнды материалдарды қалай іске асыруға болатындығы жөніндегі сұраққа жауап бере келе, Қ.Мәми сот жүйесінде ғана емес, сонымен қатар, орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда іске асыру үшін бірқатар шараларды көздейтін ұсыныстарды Жоғарғы Соттың әзірлегендігін мәлімдеді. Олардың қатарында Сот төрелігі академиясының оқу бағдарламасына «Қазақ билерінің шешендік өнері» атты арнайы курсты енгізу, «Қазақ халқының дәстүрлі құқығы мен билер соты» атты оқу құралын, «Қазақтың ежелгі құқығының әлемі» атты көп томдығын басып шығару бар. Билер соты институтының саяси-дипломатиялық негіздерін, жаһандану процесінің ақпараттық-идеологиялық ықпалын зерделеу мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша докторантураға бөлінетін гранттар санын арттыру ұсынылды.

Сұхбаттың толық мәтінімен келесі сілтеме арқылы танысуға болады:    

 http://www.kazpravda.kz/interviews/view/sud-biev--akkumulyator-dlya-natsionalnogo-koda/ .

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі