Қайрат Мәми Оңтүстік Кореяға жұмыс сапарымен барды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми бастаған делегацияның Сеул қаласына (Оңтүстік Корея) ресми сапары басталды.

Іссапар шеңберінде қазақстандық делегация Кореяның Жоғарғы Сотында болып, онда осы соттың төрағасы Янг Сынг-тэ мырзамен кездесті. Кездесу барысында Қ.Мәми кореялық әріптестерімен ынтымақтастықтың жоғары деңгейін және өзара іс-қимыл орнатқан жылдар ішінде қалыптасқан екі жақты қарқынды байланыстың сенімді мәмілегерлік сипат алғанын атап өтті.

Қазақстан Жоғарғы Сотының Төрағасы Қазақстандағы конституциялық реформа шеңберінде орын алған өзгерістер, соның ішінде, Ұлт жоспарын іске асыру аясында еліміздің сот-құқық саласындағы жаңашылдықтар туралы әңгімелеп берді.

Қ.Мәми дауларды шешудің баламалы механизмдерін енгізу бойынша тәжірибе алмасудың тиімділігін айта келе, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге және соттардың жүктемесін азайтуға мүмкіндік беретін басым міндеттердің бірі ретінде татуластыру рәсімдерін енгізудің оң нәтиже бергенін айтты. Кореяның ақпараттық технологиялар саласындағы жетекші жағдайын айта келе, қазақстандық делегация осы бағыттағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілік танытты.

Янг Сынг-тэ мырза, өз кезегінде, өзара ұтымды серіктестік қағидатына негізделген қазақстандық-кореялық қатынасты нығайтуға ықпал ететін ынтымақтастықты одан әрі тереңдету қажеттігін тілге тиек етті. Ол кореялық тараптың қазақстандық әріптестермен сот ісін жүргізу, соның ішінде, сот әкімшілігі саласына ақпараттық технологияларды енгізу бойынша жинақтаған тәжірибелерімен бөлісуге дайын екендіктерін жеткізді.

Сапар шеңберінде қазақстандық делегацияның Конституциялық соттың төрағасымен, Бас прокурормен, Заңгерлік зерттеулер және біліктілікті арттыру институтының ректорымен кездесулері, сондай-ақ, Корея Жоғарғы Сотының Ақпараттық технологиялар орталығының жұмысымен танысуы жоспарланған.

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі