Қарағанды облысының Теміртау қалалық соты Республиканың бүкіл аумағында «Онлайн-казиноға» тыйым салу туралы шешім шығарды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Теміртау қалалық соты мемлекет пайдасына Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің 48-бөліміне сәйкес шетел бұқаралық ақпарат құралдарында – интернет-ресурстарында орналастырылған ақпаратты заңсыз деп тану туралы Теміртау қаласы прокурорының арызы бойынша азаматтық істі қарады.

Қазақстан Республикасының барлық аумағында пайдаланушыларға еркін кіруге мүмкіндігі бар шетелдің сайтында заңнамалық актілерін бұзу арқылы америкалық, еуропалық, француздық рулеткаға, құмарлық карталық ойындарға, бейнепокер онлайн-ойынына, алладин, magic money және т.б. ойын автоматтарына мүмкіндігі бар «ФАРАОН» онлайн–казино орналастырылған.

Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңының 24-бабының 3-бөлігіне сәйкес Конституцияны бұзатын шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмiн таратуға сот тәртiбiмен тыйым салынады.

Теміртау қаласының прокуроры соттан шетелдің бұқаралық ақпарат құралдарының өнімін, атап айтқанда «ФАРАОН» онлайн-казиносын таратуға тыйым салуды және жоғарыда аталған тыйым салу туралы шешімін атқаруды Байланыс және ақпарат комитетіне жүктеуді сұрады.

Теміртау қалалық соты шетел интернет-ресурстарында орналастырылған өнімді («ФАРАОН» онлайн-казино) заңсыз деп таныды және Республиканың бүкіл аумағында таратуға тыйым салды.

Соттың шешімін орындау Қазақстан Республикасы Инвестициялар мен даму министрлігінің Байланыс, ақпарат және ақпараттандыру комитетіне жүктелді.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Қайнар: 
Қарағанды облыстық сотының баспасөз-қызметі