Қарағанды облыстық сотында мемлекеттік тілде шығарылған сапалы сот қаулыларын анықтады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Конкурсты жүргізу барысында облыстық соттың судьяларынан құралған жұмыс тобы аудандық және оған теңестірілген соттар шығарып, 2016 жылы заңды күшіне енген сот актілерін саралады. Талдау кезінде сот актілерінің қисындылығына, реттілігіне, жүйелілігі мен заң терминдерінің сауатты қолданылуына мән берілді.

Әкімшілік істер бойынша Ұлытау аудандық сотының төрағасы Сәрсен Сағатов, Теміртау қаласының мамандырылған әкімшілік істер бойынша сот төрағасы Жанболат Шортанбаев, Ұлытау аудандық сотының судьясы Ермек Бейсембаев, Сәтпаев қалалық сотының судьясы Серік Исабаев конкурс жеңімпаздары атанды. Азаматтық істер бойынша – Жаңаарқа аудандық сотының төрағасы Бағдат Серғалиев, Ақтоғай аудандық сотының судьясы Серік Сәкенов, Теміртау қалалық сотының судьясы Эльмира Ебенбаева, Қарағанды облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айгүл Шаймерденова жеңімпаз атанды. Қылмыстық істер бойынша - Қаражал қалалық сотының судьясы Венера Махабаева, Қарағанды облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Бекзат Шалғынбаев, Қайрат Қасымов, Балқаш қалалық сотының судьясы Мұрат Жақыпбеков үздік атанды.

Қарағанды облыстық соты төрағасының м.а. Рашид Нұрмағамбетов жеңімпаздарды құттықтап, оларды құрмет грамоталарымен марапаттады.

Мемлекеттік тіл бойынша жұмыс тобының үйлестірушісі Тотай Ерімбетов өз сөзінде: «Тіл сөйлеу мен ойды жеткізудің құралы болғандықтан, сот қаулыларының мазмұны айқын болуы қажет. Іс-қағаздарын дайындау барысында жазу мәдениеті қатаң сақталып, кәсіби жетілдірілген қазақ тілі қолданылуы керек. Сот қаулысы шұбалаңқы, мағынасы түсініксіз болмауы тиіс», - деді ол.

Конкурста жеңімпаз атанғандардың сот актілері жергілікті соттарға жұмыста қолдану үшін оң тәжірибе ретінде жолданды.

Қайнар: 
Қарағанды облыстық сотының баспасөз-қызметі