Халықаралық ынтымақтастық шеңберінде

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Астанада Жоғарғы Соттың Төрағасы Бектас Бекназаров Уонг Чью Лю басқарған Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің мүшесі, төрағасының орынбасарын, Вьетнам ұлттық жиналысының делегациясын қабылдады. 

Кездесу барысында тараптар екі елдің сот істерін жүргізу және сот құрылымына қатысты   мәселелер төңірегінде пікір алмасты. Соның ішінде Б.Бекназаров Қазақстандағы сот жүйесінің халықаралық стандартқа және қоғам талаптарына сәйкес келу үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыратынын атап өтті. 

«Жас мемлекетіміздің сот жүйесін жетілдіру бағытында тегеурінді жұмыстар жасалуда және оның басты мақсаты азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын қорғау, адам ресурстарын, уақыт және қаражат көздерін тиімді пайдалану, істерді қарау мерзімдерін қысқарту болып табылады»-деп, баяндады Жоғарғы Соттың Төрағасы.  Сонымен қатар,  ол Қазақстандағы 17 млн. халыққа небәрі 2 214 мың судья қызмет жасайтындығын, жыл сайын олар бір миллионнан аса  істерді қарайтындығын тілге тиек етті. 

Сондай-ақ, 2011 жылы біздің еліміз Халықаралық Соттар қауымдастығына  толыққанды мүше болғандығын және соттарды мамандандыру туралы,  алдағы республика судьяларының 6-шы сьезіне дайындық жұмыстарының жүргізілуі және судьяларды тағайындау үрдісі жайында, ҚР Судьялар Одағының және Жоғарғы Сот Кеңесінің қызметі жөнінде баяндады.   

«Қазақстан - бейбітшілікті сүйетін мемлекет. Бұл жерде жыл сайын көптеген халықаралық кездесулер, конференциялар өтеді. Біздің жылы жүзді меймандарымыз Қазақстан халқының қонақжайлылығын, шынайы достық қарым-қатынасын, Отанға деген ыстық ықыласын, оның гүлденуіне қосқан еңбектерін жоғары бағалайды»-деді, Бектас Бекназаров.

Өз кезегінде сөз алған Уонг Чью Лю «Біз қарқынды дамып келе  жатқан әсем де әсерлі Қазақстан мемлекетіне қуана келеміз.  Бұл елдің қонақжайлылығына қарап, халқының жан дүниесін танимыз. Ең бастысы, екі елдің сот жүйесін бір арнаға тоғысуы, олардың сот құрылымдарының ортақ екендігін аңғартады»-деді. 

Кездесу соңында тараптар іскерлік қарым-қатынастарды жетілдіруге және  достық байланысты  нығайтуға сенім білдірді.

ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі