Елордалық судьялар, құқық қорғау органдарының өкілдері және адвокаттар жеке басты тінту, алу, қарауды санкциялау мәселелерін талқылады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

«Дөңгелек үстел» жұмысына судьялар, адвокатура және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Іс-шараны Астана қалалық сотының судьясы Ерлан Қосмұратов жүргізді.

Астана қаласы Сарыарқа ауданының №2 аудандық сотының тергеу судьясы Ақмарал Исаева бұлтартпау шаралары туралы материалдарды қараудың өзекті мәселелерін атап өтті.  Оның айтуынша, алдын ала тергеу органдары сотқа бұлтартпау шарасын белгілеу және соттың санкциялау туралы өтініші негізінде материалдар ұсынады. Ол бұл өтініштің дұрыс емес екендігін, сот күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасын таңдамайтынын, тек оны санкциялайтынын тілге тиек етті.

Судья  тергеу судьясы санкциялаған күдіктіні, айыпталушыны қамауға, не үйқамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасын өзгерту немесе жою ҚПК-нің 145-бабының 8-бөлігінде көрсетілген мән-жайларды ескермегенде, тек тергеу судьясы орындайтынын айтты. «Қазіргі таңда қылмыстық қудалау органдарының аталған Заң нормаларын сақтамау, сондай-ақ орын алған бұзушылықтарға қатысты қылмыстық қудалау органының атына соттардың жеке қаулылар шығару фактілері кездеседі», - деді судья.

 Жеке басын тінтумен байланысты мәселелер бойынша Алматы ауданының №2 аудандық сотының судьясы Қыдырбек Әлқожаев сөз сөйледі. Ол  жеке басын тінту, негізінен, есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты қылмыстар бойынша жүргізілетінін айтты. Қ.Әлқожаев тергеу әрекетін прокурормен келісу мүмкіндігін шектеу арқылы тергеушінің процестік тәуелсіздігін арттыруды ұсынды. Сонымен қатар, судья тінту жүргізу тәртібінің заңмен қатаң реттелетінін, біркелкі сот практикасының қалыптасқанын, осы бағытта өзге мәселелердің туындамайтынын айтты.

Астана қалалық сотының судьясы Қазима Айтқалиева тергеу судьясының куәгерлерден, сонымен қатар, кәмелеттік жасқа толмағандардан және өзге де тұлғалардан жауап алуын бекітудің өзекті мәселелері жайлы сөз қозғады. Қ.Айтқалиеваның пікірінше, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы өтінішхат жолдау барысында осы өзекті мәселе бойынша барлық сұрақтарды, атап айтқанда, бала психологиясына қатысты мәселелерді ескеруі қажет.

Қ.Айтқалиева куәлар мен жәбірленушілерден, соның ішінде шетелдіктердің жауап алуын бекіту туралы өтінішхатқа олардың Қазақстаннан шығуын растайтын құжаттарды қосу қажеттігін атап өтті.

«Дөңгелек үстел» соңында құқық қорғау органдарының өкілдері жауап алу рәсімдері бекітілуі тиіс тұлғалалар тізімін кеңейтуді ұсынды, себебі  тергеу амалдарын жүргізуші органға үнемі келіп-кетуге қаржылай мүмкіндігі жоқ кейбір жәбірленушілер мен куәгерлер республиканың басқа өңірлерінде тұру жағдайлары да көп кездеседі.

Қайнар: 
Астана қалалық соты баспасөз қызметі