Электронды сот төрелігі жүйесі қарқын алуда

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қазақстан Республикасында электронды сот төрелігі жүйесі қарқынды дамып келеді.

2014 жылдың шілде айында электронды талап арыздарды «Сот кабинеті» сервисі арқылы онлайн түрде беру жүйесі жүзеге асырылып, іске қосылды. Бұл сервис халық арасында кеңінен танылып үлгерді. Бұған дәлел есепті кезеңде жалпы 367 691 талап арыздың 266 874-і «Сот кабинеті» сервисі арқылы келіп түсті, бұл, өз кезегінде, электронды талап арыздардың 72,6%-ын құрайды. Талап арызды онлайн режимде беру мүмкіндігі «Электронды үкімет» порталында да қарастырылған.

«Сот кабинеті» сервисі сотқа талап арыз беру барысында мемлекеттік баж салығын онлайн төлеу операциясын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, мемлекеттік баж салығы Электрондық үкіметтің төлем шлюзі (ЭҮТШ) арқылы  мәлімет нысанын толтыру процесінде төленеді. Екінші деңгейлі банк төлем түскен кезде ЭҮТШ-ге төлем жайында хабарлама жібереді. ЭҮТШ төлем туралы хабарламаны сот органдарының ақпараттық жүйесіне жібереді.

Сот органдарының ақпараттық жүйесіне түскен арызда төлем деректері автоматты түрде толтырылады. Оның дұрыстығын  кеңсе қызметкері тексереді. Егер төлем деректері дұрыс болса, жүйеде төлем «Банкте төленді» мәртебесін алады. Бұдан кейін кеңсе қызметкері талап арызды тіркейді және оны судьяға қарау үшін жібереді. Онлайн тәртібінде берілген арызға қолма-қол төленген төлем түбіртегін де қоса тіркеуге болады.

Осылайша, сот органдарының ақпарататық жүйесі мен ЭҮТШ интеграциясы сот органдарына өтінішті беру сатысында бюджетке мемлекеттік баждың төленгендігін растайтын түбіртекті тексеруге мүмкіндік берді. Бұған қоса, осы интеграция сот қызметкерлеріне төленген қаражаттың бюджетке түсуі немесе төлемдердің қайтарылуы туралы хабарландыруды қамтамасыз етті және төлемақы құжаттарын тексеруге кететін уақытты қысқартуға мүмкіндік берді.

Құжаттарды электронды түрде жолдаумен қатар, мемлекеттік бажды ЭҮТШ арқылы төлеу азаматтарға материалдық шығындармен қоса, (жол ақысы және т.б.) уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Енді үйден шықпай-ақ, кеңседе отырып санаулы секундта талап арызды, өтінішті және шағымды жіберуге болады.  

Бүгінгі күнде ЭҮТШ жүйесі «Қазпочта» АҚ және «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «АТФБанк» АҚ, «Банк ВТБ (Қазақстан)» АҚ, «ForteBank» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «AsiaCredit Bank» АҚ, «БТА Банк» АҚ және «Эксимбанк Казахстан»  АҚ секілді екінші деңгейдегі банктермен интеграцияға түсіп отыр. 2016 жылдың 6 айында ЭҮТШ бойынша «Қазпочта» АҚ және жоғарыда аталған екінші деңгейдегі банктер арқылы жалпы төлем 2,1 млн. теңгені құрады.

«Сот кабинеті» сервисі арқылы ЭҮТШ бойынша талап қою арызы, кассациялық шағым, қарсы талап қою арызы және апостиль қою секілді сот органдарының қызметтері үшін мемлекеттік бажды төлеуге болады.

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі