Әділдік алаңында азаматтармен жүздесті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Сот төрелігінің заңдылығы  мен оның уақтылы жүзеге асырылуы, сот беділін көтеріп, азаматтардың заңды құқықтары мен өз мүдделерін қорғауы үшін бірден-бір негіз болып табылады. Ата заңымызда нақты бекіп, көрініс тапқан адам құқықтары басты құндылығымыз. Бұзылған құқықтарды қалпына келтіру, шиеленіскен дауға төрелік айтып, әділ бағасын беру сот саласының басты міндеті. Осындай мақсатқа жұмылдырылған, бедері айқын, міндеті межеленген Жоғарғы Сотта, еліміздің бас судьясы Бектас Бекназаров 13  азаматты қабылдады.

Ашық есіктен түрлі дауға шырмалған азаматтар Жоғарғы Сот Төрағасынан әділдік сұрап, дауға ұласқан істерге заң шеңберінде нүкте қоюды сұрады. Алғашқы болып сот табалдырығын атаған сотталушының өкілі Маңғыстау облыстық сотының үкімімен келіспейтіндігін айтып, өз шағымын білдірді. Оның айтуына қарағанда сотталушы көп жылдар бойы құқық қорғау саласында қызмет жасаған. Ол  жемқорлық  тамырын жайған  қылмыспен сот алдында жазаға тартылған.  Яғни, құқық саласында қызмет жасап, пара алғаны үшін соттың кесімімен, үш жыл бас бостандығынан айырылып, ҚР ҚК-нің 63-бабын қолданумен  шартты жаза тағайындалып, 2 жыл сынақ мерзімі берілген. Алайда, сотталушының заңды мүддесін білдіруші сот тергеуінде келтірілген уәждердің пара алды деп тағылған айып ешқандай дәлелдемелермен бекімейдіндігін және істің мән-жайына дұрыс баға берілмегендігін алға тартты.

Әділдік алаңына араша іздеп келгендердің  ішінде Алматылық азаматша да болды. Ол азаматтық істер шеңберінде қаралған үй мәселесіне қатысты  дауды қозғады. Ол 2010 жылы белгілі бір азаматпен талаптар құқықтары бойынша келісім жасасқан. Осы келсімнің негізінде Астана қаласында орналасқан 107,3 шаршы алаң үй оның үлесіне берілген. Алайда көп ұзамай олардың арасында келіспеушілік туындап, мүлікті заңды түрде бөлісе алмаған. Шағымданушы қала әкімдігінің қаулысын және «Құрылыс» ЖШС-нің  және өзге де тұрғын үй құрылыс кооперативтерімен жасасқан келсімдерді заңсыз деп тануды сұрап, істің заң талаптарына сәйкес шешілуін өтінді.

Сонымен қатар Баянауылдан келген қария тұрғын үй алаңына және шаруа қожалығына қатысты азаматтық іс бойынша төменгі тұрған сот сатыларының шешімін заңсыз деп танып, өзінің талап-арызын қанағаттандыруды сұрады. Талапкер 2005 жылғы 13 қазандағы аудан әкімшілігінің шешіміне сәйкес0,572 га. жер аумағын меншік құқығына алып, өзінің жеке шаруа қожалығын құрған. Өмірдің басым бөлігін еңсерген қарияның айтуына қарағанда  «Дайын асқа тік қасық» демекші, оның шаруашылығына өз үлесім бар деп өзге азамат қол сұққан. 2008 жылы табыстау туралы актіге сәйкес  бақташы ретінде  оған 275 ұсақ мал басы берілген. Отбасына береке емес, кесір әкелген бақташы бір отар малды ұрлап, қыстақ орнын тастап кеткен.

Сан түрлі істің мән-жайына қанық болған Жоғарғы Соттың Төрағасы Бектас Бекназаров, азаматтарды алаңдатқан мәселеге аса зейін қойып, әрбір іс заңда көзделген нысандарға сәйкес зерделеніп, оларға қадағалау жүргізілетіндігін баяндады.

Сондай-ақ, әрбір жеке іс заң  шеңберінде таразыланып, оған тиесілі жауап қайтаратындығын айта отырып, оларды бақылауға алу үшін алқа төрағаларына тапсырма берді. 

ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі