Дау мұраты-бітім

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

«Дау мұраты бітімге келу» - деп даналарымыз бекер айтпаса керек. Оның тарихи тағылым тереңде. Бұл тиімді әдіс азаматтық, әкімшілік және кейбір  ауыр емес қылмыстарға қатысты  істерді  шешу барысында уақыт өте келе өз жемісін беруде. Соның бірі Қызылорда қаласының №2 сотында ҚР ҚК-нің 175-бабының 1-бөлігімен (ұрлық, яғни бөтеннің мүлкiн жасырын ұрлау) айыпталған азамат Н.-ға қатысты қылмыстық іс медиатордың қатысуымен қаралды.

Оқиға желісін тарқатсақ, сотталушы Н. кафеде даяшы болып қызмет атқарып жүргенде, сол ғимараттағы өзге қызметкерлердің сөмкесіне қол салып, оның ішіндегі әмианын, банктік кәртішкесін, күміс алқасын және ақшасын жымқырып кеткен. Ақыры жәбірленушіге жалпы құны 42 000 теңге мүліктік залал келтірген.

Сотта бұған дейін де бірнеше мәрте дауласушы тараптарды бітімгершілікке келтіріп жүрген медиатор О.Тобағабыловтың қатысуымен қаралып, екі жақ өзара ымыраға келіп, іс жүргізу қысқартылды.

Қылмыстық заңнаманың нормаларына сәйкес, ауыр емес қылмыс жасаған немесе адамның қайтыс болуымен немесе оның денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес орташа ауырлықтағы қылмысты бірінші рет жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтірілген зиянның есесін толтырса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі