Әбілязов отбасының сыбайластары сотталды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Маусым айының 4-ші жұлдызы күні №2-ші Атырау қалалық сотында  2009-2012 жылдар аралығында  Мұхтар Әбілязовтың  отбасы мүшелеріне, таныстары мен жақындарына қызмет бабын пайдаланып, жалған паспорттар жасаған көші-қон полициясы мен әділет департаментінің бұрынғы 5 қызметкерлеріне және 2 жеке тұлғаға қатысты сот үкімі шықты.

Көші-қон полициясының  бұрынғы қызметкерлері Ж.Көшалиевқа ірі мөлшерде пара алғаны үшін 9 жылға бас бостандығынан айырып, полиция лейтенанты шенінен айыруға және дүние-мүлкін тәркілеуге; Д.Күзембаеваға бірнеше мәрте пара алғаны және пара алуға оқталғаны үшін 7 жыл  2 айға бас бостандығынан айырып, дүние-мүлкін тәркілеуге;  Ж.Ысқақоваға  қызметтік жалғандық жасағаны үшін  екі мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде  айыппұл төлеу жазасы тағайындалды.

Сот  үкімімен А.Сайфуллинге - бірнеше мәрте пара алуға делдалдық жасағаны үшін  2 жылға бас бостандығынан айыруға; Д.Исееваға - бірнеше мәрте пара алуға делдалдық жасағаны үшін  2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындалды. Бұл орайда сот Д.Исееваның заңға қайшы жасаған әрекеттеріне өкінетінін және қылмыстық істің ашылуына көмек көрсеткенін назарға алды.

Қызметтік жалғандық жасаған көші-қон полициясының аға инспекторы  Г.Аязбаева мен қызмет бабын теріс пайдаланған әділет департаментінің қызметкері К.Қуанова  «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің жиырма жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заңына» сәйкес жазадан босатылды.

Сот үкімі өз күшіне енген жоқ.

Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі