Батыс Қазақстан облысының судьялары нотариустердің атқару жазбасы институтын кеңейту мәселесін талқылады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Батыс Қазақстан облыстық соты облыс судьяларының, Нотариалды палата және Әділет департаменті өкілдерінің қатысуымен нотариустердің атқару жазбасы институтын кеңейту мәселесі бойынша «дөңгелек үстел» өткізді.

Талқылау барысында қатысушылар  дауларды соттан тыс реттеуді дамыту, сот жүктемесін азайту мақсатында халыққа түсіндіру жұмысын жүргізу, соттарға түсетін даусыз талаптардың санын азайту жөніндегі мәселелерді қарады. Атап айтқанда, пилоттық жоба шеңберінде атқару жазбасы институтын қолдануды кеңейту мәселесі қаралды.

Қазақстан Республикасының «Нотариат туралы» Заңының нормаларына сәйкес, кредиторға борышкерден ақша өндіру немесе берешекті белгілейтін құжатта атқару жазбасын жасау үшін нотариусқа өтініш білдіру арқылы борышкерден өзге де жылжымалы мүлікті талап ету мүмкіндігі ұсынылған. Атқару жазбаларының негізінде берешекті өндіріп алу даусыз тәртіппен жүргізілетін талаптар тізбесі және сот бұйрығы ҚР Азаматтық процестік кодексінің 135-бабының 1-4), 10), 11) және 17) тармақтарында белгіленген.

Статистикаға сәйкес, 2016 жылы облыс бойынша барлық аяқталған 27 048 істің 17,3% - ы немесе 4 678 іс шарттық міндеттемелермен байланысты қозғалған даулар, соның ішінде 3 679 немесе 78,4% - соманы өндіріп алу туралы талаптар. Кездесуге қатысушылар жұмысты тиісті ұйымдастырған жағдайда осы талаптардың кейбір бөлігін нотариустың атқару жазбасын жасау арқылы соттан тыс тәртіппен шешуге болатындығын атады.

«Дөңгелек үстел» барысында қатысушылар нотариустердің атқару жазбаларын жасауға және бітімгершілік рәсімдерін жүргізуге байланысты мәселелерді талқылады. Кездесу соңында халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу және нотариат туралы заңнамаға, атап айтқанда, борышкердің атқару жазбасын жою үшін дәлелдемелер ұсынуы туралы ұйғарымдар қабылданды.

Қайнар: 
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі