Батыс Қазақстан облыстық соты «Жайықмұнай» ЖШС-нен мемлекет кірісіне 350 миллионнан астам теңге өндіру туралы сот қаулысын өзгеріссіз қалдырды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы монополияға қарсы заңнаманы бұзған үшін ҚР ӘҚБтК-нің 159-бабының 3-бөлігі бойынша «Жайықмұнай» ЖШС-ні кінәлі деп тану туралы Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысын өзгеріссіз қалдырды.

Бірінші сатыдағы сот «Жайықмұнай» ЖШС-ні кінәлі деп танып, 339 468 661 теңге монополиялық табысын мемлекет пайдасына тәркілеп, монополистік қызметті жүзеге асыру нәтижесінде алынған табыстан 5% көлемінде, яғни, 26 466 105 теңге 75 тиын көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза тағайындаған болатын.

Апелляциялық сот алқасы ЖШС өкілінің шағымдарын, адвокат пен прокурордың наразылығын зерделей келе, ЖШС-нің кінәсін толықтай дәлелденді, ал, барлық мәліметтер жиынтығы жайттың орын алғанын куәландырып, іс материалдарымен расталғандықтан, бірінші сатыдағы соттың шешімін заңды және негізделген деп есептеді.

Еске сала кетейік, Серіктестік монополиялық жағдайды пайдаланып, газ желісі ұйымдарына сұйытылған мұнай газын қосымша құю қызметі бойынша газ тасығыштарға қосымша төлем міндеттеген болатын. Ол жеткізу шарты негізінде газ желісі ұйымдары арқылы сұйытылған мұнай газын көтерме жеткізуді жүзеге асыру бойынша БҚО-ның ішкі нарығындағы сұйытылған мұнай газын БҚО-да жалғыз өндіруші және жеткізуші болып табылады.

Есептеулерге сәйкес, 2016 жылдың ақпанынан қарашасына дейін сұйытылған мұнай газын негізсіз мәжбүрлеп құю қызметі нәтижесінде алынған табыс 529 322 115 теңгені құраған. Құю қызметтері үшін негізсіз ақы алу нәтижесінде алынған монополиялық табыс сол кезең үшін 339 468 661 теңгені құраған.

Қайнар: 
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі